Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың қолынан көз жұмған Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді Бишімбаевтар әулетімен тағы соттасты. Бұл жолғы іс бойынша ол өзіне тіл тигізгені үшін Бишімбаевтың қарындасының үстінен арыз түсірген, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Астана қаласының ауданаралық азаматтық істер жөніндегі соты Амангелді Айтбектің Аружан Бишімбаеваға қарсы арызы бойынша шешім шығарды. Іс материалдарыа сүйенсек, 2025 жылы 11 қарашада Аружан Бишімбаева өзінің Instagram парақшасында Амангелді Айтбекті қаралайтын бірнеше сторис жариялаған.
Ол жазбалардың мәні Амангелді Айтбек қарындасы Салтанат Нүкенованың қазасын еске салу арқылы желі қолданушыларының аяушылық сезімін күшейтіп, сол арқылы табыс табуды әдетке айналдырған деген айыптауларға саяды.
Сот барысында талапкер бұл мәлімдемелер оның ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіргенін айтқан. Ал жауапкер жарияланымдар субъективті пікір және бағалау пайымы екенін алға тартқан.
Сот психологиялық-филологиялық сараптама қорытындысына сүйене отырып, жарияланған мәтіндерде «негативті сипаттағы мәліметтер» бар деп таныған.
“Пайдаланылған лексикалық және синтаксистік оралымдар адресат туралы жағымсыз көзқарасын білдіруге және желі қолданушылардың санасында сондай пайым қалыптастыруға бағытталған. Зерттелген мәтіндерде Амангелді Айтбектің ар-намысы мен қадір-қасиетін төмендететін белгілер бар”, – деп жазылған сот құжатында.
Сот Аружан Бишімбаеваға Instagram парақшасында аталған мәліметтерді теріске шығаратын сторис жариялауға міндеттеді.
Сонымен қатар талапкер пайдасына 100 теңге моральдық өтемақы, 502 764 теңге сараптама шығыны, 125 мың теңге сот сараптамасының шығыны, 500 мың теңге заңгер қызметінің шығыны мемлекеттік баж өндірілді.