Air Astana-дан кетер алдында Питер Фостер 57,6 млн теңге айлық алып келген
Air Astana әуе компаниясын басқарған соңғы толық жылында Питер Фостердің жиынтық сыйақысы 691,4 млн теңгені құраған. Бұл айына орта есеппен 57,6 млн теңгеден келеді. Компанияның таза пайдасы күрт төмендеген кезеңде басшысына төленген сыйақы 31,6 пайызға өскен, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Жылдық сыйақысы 166 млн теңгеге артқан
AIX биржасында жарияланған мәліметтерді келтірген Kursiv дерегінше, Air Astana атқарушы органына 2025 жылы жалпы 691,4 млн теңге сыйақы төленген. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 525,4 млн теңге болған. Бір жылдағы өсім – 166 млн теңге.
Қаржылық есептілік депозитарийінің мәліметіне сүйенген басылым аталған кезеңде компанияның атқарушы органында жалғыз Питер Фостер болғанын жазады. Осы дерекке сәйкес, жарияланған сома сол кездегі басшының сыйақысына тиесілі. Жылдық төлемді 12 айға бөлгенде, Фостердің 2025 жылғы сыйақысы айына орта есеппен 57,6 млн теңгеге тең. Салыстыру үшін, 2024 жылғы көрсеткіш осы тәсілмен есептегенде айына шамамен 43,8 млн теңгеден келеді.
Алайда 57,6 млн теңгені Фостердің бекітілген айлық жалақысы деп түсінуге болмайды. Жарияланған мәліметте жыл бойы төленген жиынтық сыйақы көрсетілген. Оны айларға бөлу — төлем көлемін салыстыруға арналған есеп.
Сыйақы өскен жылы компанияның таза пайдасы төмендеген
2025 жылы Air Astana тобының таза пайдасы 72,5 пайызға азайып, 13,6 млн долларды, яғни шамамен 7 млрд теңгені құраған. Компания мұны Pratt & Whitney қозғалтқыштарын жоспардан тыс ауыстырумен, Теңгенің әлсіреуімен және бірқатар әуежайдың уақытша жабылуымен түсіндірген. Қозғалтқыш мәселесіне байланысты ұшақтардың тұрып қалуы тасымалды ұлғайту мүмкіндігін шектеп, шығынды көбейткен. Бұл туралы Forbes Kazakhstan жазды.
Питер Фостер Air Astana-ны 2005 жылдың қазанынан басқарған. Ол 2026 жылғы наурыздың соңында бас атқарушы директор қызметінен кетті. Оның орнына бұрын компанияның қаржы директоры болған Ибрахим Жанлыел келді. Әуекомпанияның ресми хабарламасында Фостердің директорлар кеңесінің аға кеңесшісі ретінде компаниямен жұмысын жалғастыратыны айтылған.
2026 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша, Air Astana акцияларының 41 пайызы «Самұрық-Қазына» қорына тиесілі болған. Тағы 37,53 пайызы CITIBANK, N.A.-NY номиналды ұстаушысының атына тіркелген. Бұл үлесті банктің өз меншігімен теңестіруге болмайды: ол бағалы қағаздарды инвесторлар атынан ұстайды.