Аймағамбетов: Қазақстанда дәрілерді тіркеу жеделдетіледі
Дәрі-дәрмекке қатысты 3 мәселе жаңа заңға енгізілді.
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов өте қажет дәрі-дәрмектер елге өте ұзақ жететінін, осыған орай дәрі-дәрмекке қатысты 3 мәселе жаңа заңға енгізілгенін айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Әлемде қолданыстағы, ең жаңа, өмірлік маңызы бар препараттар біздің нарыққа жеткенше жылдар өтеді, өйткені оларды тіркеу, тексеру процестері тым ұзақ уақытты алады. Ал дәрі елде тіркелмесе, ол дәріханада сатылмайды. Бюрократия көп, тіркелген дәрі аз болған сайын бағасы да қымбаттай береді», – дейді Асхат Аймағамбетов.
Ол бұл мәселені арнайы зерттеп, заңға маңызды түзетулер енгізгенін айтты.
«Біріншіден, лемдік ең жаңа, ең үздік дәрілерге енді — «жасыл дәліз» (Fast-track) енгізіледі. Егер дәрі АҚШ (FDA) немесе Еуропада (EMA) қатаң тексерістен өтіп, тиімділігін дәлелдесе, оны бізде қайтадан жылдап тексерудің қажеті жоқ. Біздің енгізген өзгерісімізбен мұндай препараттарды өте шұғыл тәртіппен 15 күнде тіркеп, халыққа тез арада жеткізуге жол ашылды.
Екіншіден, басқа да дәрілерді тіркеу мерзімі де қатты қысқарады. Қазір құжаттарды рәсімдеу ресми түрде 210 күн, ал іс жүзінде жылдап созылады. Біз барлық бюрократиялық кезеңдерді заңмен бір қызметке біріктірдік. Нәтижесінде бұл мерзім айтарлықтай қысқарады», – дейді ол.
Сондай-ақ, ол сапа қатаң бақылауда болатынын айтты. Ел ішінде шығарылатын дәрілердің құрамы (субстанциялары) енді шекарада қатаң тексерістен өтетін болады.