Спорт

Әйгілі Зидан Франция құрамасының бас бапкері болып тағайындалды

Аңызға айналған француз футболшысы, әлем және Еуропа чемпионы Зинедин Зидан Франция ұлттық құрамасының жаңа бас бапкері болып тағайындалды. Бұл туралы Франция футбол федерациясы ресми түрде хабарлады, деп жазады Tizgin.kz.

Зидан жаңа қызметіне 2026 жылдың 1 тамызынан бастап кіріседі. Ол Франция құрамасын 2026/2027 жылғы УЕФА Ұлттар лигасында, 2028 жылғы Еуропа чемпионатында, 2028/2029 жылғы Ұлттар лигасында және 2030 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде баптайды. Келісімшарт 2030 жылға дейін жасалған.

«Мен әрдайым Франция құрамасынан маңызды ештеңе жоқ екенін айтып келдім. Сондықтан осы команданың бас бапкері атану мен үшін үлкен қуаныш әрі зор мақтаныш. Бұл – үлкен жауапкершілік», – деді Зидан.

Зинедин Зидан жайлы

Зинедин Зидан – футбол тарихындағы ең үздік ойыншылардың бірі. Ол Франция құрамасымен 1998 жылғы әлем чемпионатын және 2000 жылғы Еуропа чемпионатын жеңіп алды. Клубтық деңгейде «Ювентус» пен мадридтік «Реалдың» сапында өнер көрсетіп, көптеген беделді жүлделерді иеленді.

Бапкер ретінде де Зидан ерекше жетістікке жетті. Ол «Реал Мадридті» қатарынан үш рет (2016, 2017, 2018) УЕФА Чемпиондар лигасының жеңімпазы атандырып, Испания чемпионатын, клубтар арасындағы әлем чемпионатын және өзге де бірнеше халықаралық турнирді ұтты.

Back to top button