ЖаңалықтарТергеу

Әйелін өлтіріп, екі ай бойы іздегендей болған: Қостанай тұрғыны 11,5 жылға сотталды

Ол марқұмның ағасынан әйелін «іздеуге» 300 мың теңге де алған.

Қостанай облысында әйелін өлтіргені үшін айыпталған Қарасу ауданының 26 жастағы тұрғынына сот үкім шығарды, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы «Костанайские новости» басылымына сілтеме жасап.

Мамандандырылған қылмыстық істер жөніндегі сот ер адамды 11 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды.

Қылмыс 1 ақпанда болған

Тергеу мәліметінше, қайғылы оқиға 1 ақпанда болған.

Марқұм күйеуіне одан кететінін, енді оның ішімдікке салынуы мен қорлығына шыдамайтынын айтқан. Осыдан кейін ер адам әйеліне шабуыл жасап, оны өлтірген.

Кейін мәйітті үй ауласындағы шаруашылық құрылыстарының біріне жасырып қойған.

Екі ай бойы әйелін іздегендей болған

Қылмыстан кейін ер адам екі ай бойы марқұмның туыстарына әйелінің қайда екенін білмейтінін айтып келген. Оның сөзінше, әйелі қалаға кетіп, жұмысқа орналасқан.

Ол тіпті әйелі жұмыс істейді деген Қостанай қаласындағы кеңсеге екі рет барған. Сондай-ақ, марқұмның ағасынан оны «іздеуге» 300 мың теңге де алған.

Әйелдің әкесі қызының жоғалғаны туралы полицияға арыз бергеннен кейін ғана шындық белгілі болды. Осыдан соң күдікті мәйіттің жасырылған орнын көрсеткен.

Сотта кінәсін мойындады

Сот барысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындады. Судьяның айтуынша, бұл жаза тағайындау кезінде жеңілдететін мән-жай ретінде ескерілген.

Осы себепті сот оған қасақана адам өлтіргені үшін көзделген ең жоғары 15 жылдық жазаны тағайындай алмаған.

Ер адамның бұрын сотталмағаны ескеріліп, жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болды.

10 млн теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді

Сот жәбірленуші тараптың азаматтық талап-арызын ішінара қанағаттандырды.

Үкімге сәйкес, сотталған азамат марқұмның туыстарына:

  • 10 млн теңге моральдық өтемақы;
  • 167 мың теңге материалдық шығын өтеуге міндеттелді.

Сондай-ақ, талап-арызды қамтамасыз ету мақсатында сотталғанның үйіне салынған тыйым сақталды.

Марқұмның туыстары үкіммен келіспейді

Марқұмның жақындары шығарылған үкімді тым жеңіл деп санайды.

Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енген жоқ және оған апелляциялық тәртіппен шағым жасауға болады.

Back to top button