«Әйелге қол көтеру – ерлік емес»: Бас Мүфти әйелдерге қорлық көрсетпеуге шақырды
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас Мүфти – Наурызбай қажы Тағанұлы әлеуметтік желіде жәбір көріп, қорлыққа ұшырап жатқан әйелдердің жағдайына қатысты жазба жариялады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Ер адамның міндеті – әйеліне қамқор болу»
«Кейде қоғамда болып жатқан кейбір оқиғаларды естігенде жүрегің ауырады. Әсіресе отбасының ішінде әйел адамның жәбір көріп, қорлыққа ұшырауы жанға батады. Әйел – бір шаңырақтың шырағы. Біреудің аялап өсірген қызы, біреудің асыл анасы, біреудің сүйікті жары. Ол жаңа түскен шаңырағына қорғаныш пен жылулық іздеп келеді, сондықтан ер азаматтың міндеті – оған қорқыныш емес, қамқорлық сыйлау.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендердің ең жақсыларың – отбасына жақсы болғандарың» деген. Осы бір өсиеттің өзінде үлкен мән бар», – деп жазды Бас Муфти.
«Әйелді жылату – азаматтық емес»
Оның айтуынша, ер адамның күші жұдырығында емес. Нағыз күш – ашуға ерік бермей, сабыр сақтай білуде. Жаныңдағы жанды жылатпай, керісінше оған сүйеніш болуда.
«Ашу басылады. Ұрыс та ұмытылады, бірақ ашумен көтерілген қол мен айтылған ауыр сөз адамның жүрегінде ұзақ уақытқа із қалдыруы мүмкін. Кейде сол бір сәттік ашудың өкініші өмір бойына жетеді. Отбасы – адам өзін ең қауіпсіз сезінетін мекен болуы керек. Әйел өз үйінде қорқып емес, қадірленіп өмір сүруге тиіс. Қыз баласын аялап өсіріп, ақ босағадан үлкен үмітпен шығарып салған әрбір әке мен ананың тілегі біреу – «Барған жерінде бақытты болсын». Сол аманатқа қиянат жасамайық. Әйелді жылату – азаматтық емес. Әйелге қорған болу – ердің міндеті», – дейді ол.
Еске салсақ, Жамбыл облысында 19 жастағы Мадина Рашидқызы көз жұмды. Артында 8 айлық сәбиі қалды. Қайғылы оқиғаға дейін бойжеткен құрбысына күйеуімен жанжалдасып қалғанын және оған күш көрсетілгені туралы жазған.
Журналист Руслан Өтепбай Жамбыл облысында көз жұмған 19 жастағы келіншек – Мадинаның төркініне барып, оның жақындарынан сұхбат алды.
Сондай-ақ, Мадина туралы әлеуметтік желіде оғаш пікір қалдырған азамат көпшілік алдында кешірім сұрады. Бұған дейін адвокат Аянхан Омаров оның жазбасына назар аударып, құқық қорғау органдарын аккаунт иесін анықтап, әрекетіне құқықтық баға беруге шақырған.