Айбек Дәдебай “Әділет” партиясының төрағасы болып сайланды
Астанада “Әділет” саяси партиясының құрылтай съезі өтіп, Айбек Дәдебай партия төрағасы болып сайланды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
ДЕЛЕГАТТАР БІРАУЫЗДАН ҚОЛДАП, ДАУЫС БЕРГЕН
Ресми мәліметті партияның баспасөз қызметі растады. Президенті Әкімшілігінің бұрынғы басшысын сайлау туралы ұсынысты съезге қатысқан 1000-нан астам делегат бірауыздан қолдап, дауыс берді.
Халықтың заң үстемдігіне деген сенімі – мемлекеттің басты ресурсы әрі тірегі. Сондықтан біздің негізгі міндетіміз – әділдікті жариялау ғана емес, оны ортақ мәдениетіміздің ажырамас бөлігіне әрі күнделікті өміріміздің шартына айналдыру. Басқаша айтқанда, Әділдік ұлттық сана мен болмыстың айрықша сипатына айналуға тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз назарын үнемі дәл осы бағытқа аударып келеді”, – деді Дәдебай.
Бұдан өзге, жиында жаңа саяси бірлестіктің Саяси кеңесінің құрамы таныстырылды. Анықталғандай, кеңеске 30 адам енгізілген.
Олардың қатарында Айбек Дәдебай, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева,«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының жетекшісі Қарлығаш Жаманқұлова және басқа да қоғам қайраткерлері мен сарапшылар бар.
ЕҢБЕК ЖОЛЫ
Айбек Дәдебай 2001 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін тәмамдаған. 2003 жылы осы ЖОО-ның магистратурасын «аймақтану магистрі» мамандығы бойынша аяқтаған.
Бұдан бөлек, 2001-2002 жылдары Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті Халықаралық туризм менеджменті кафедрасының оқытушысы болды.
- 2008-2011 жылдары ҚР Парламенті Сенаты Аппаратының Парламентаралық байланыстар және халықаралық ынтымақтастық бөлімінің сарапшысы, ҚР Парламентінің Сенаты Төрағасы көмекшісінің міндетін атқарушы.
- 2011-2013 жылдары ҚР БҰҰ-дағы Тұрақты Өкілдігінің үшінші хатшысы, атташе.
- 2013-2019 жылдары ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының хатшылығы меңгерушісінің орынбасары, меңгерушісі.
- 2019-2021 жылдары ҚР Президенті Кеңсесі бастығының орынбасары.
- 2021 жылдың мамыры – 2022 жылдың қаңтар аралығында ҚР Президенті Іс басқарушысының орынбасары.
- 2022 жылы ҚР Президенті Іс басқарушысы.
- 2024 жылы ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы болды.