Қызылордада 14 жастағы Нұрисламбек Раушанбектің өліміне қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды. Марқұмның туыстары қайғылы оқиғаға дейін жасөспірімге бірнеше рет қоқан-лоқы көрсетілгенін айтып, қылмысқа ересектердің де қатысы болуы мүмкін екенін тексеруді талап етіп отыр, деп хабарлайды Tizgin.kz «Жетінші арнаға» сілтеме жасап.
Анасына көмектесуге барған
Туыстарының айтуынша, қайғылы оқиға 21 қазанға қараған түні болған. Нұрисламбек орталық алаңда анасына көмектесіп, балаларға арналған ойыншық көліктерді қашықтан басқару пульті арқылы жүргізіп жүрген. Бір кезде ол анасынан алыстап кеткен. Кейін көпшіліктің арасынан шығып, анасына қарай беттеген. Алайда оған бірнеше қадам қалғанда шалқасынан құлаған.
Марқұмның анасы Меруерт Танатованың айтуынша, күдікті оның ұлына жақындап, көз алдында баланың кеудесінен бұрауышты суырып алған. Жасөспірім ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмаған.
Отбасының сөзінше, күдікті ойыншық көліктерді жалға берумен айналысатын бәсекелес кәсіпкерлердің қол астында жұмыс істеген. Бұған дейін екі тарап арасында бірнеше рет жанжал туындаған
«Ол сол жерде күн сайын жалданып жұмыс істейтін. Маған өзі: „Тәте, бұрауышты мен сұқтым. Тек анамды шақырмаңыз, полицияға хабар бермеңіз“, – деді. Содан кейін екі жігіт келіп, оны артынан мойнынан ұстап: „Не айтып қойдың? Ештеңе айтпа“, – деп шетке алып кетті. Бұл бір күнде болған жағдай емес. Мұндай оқиғалар бірнеше рет қайталанып, барған сайын ушыға түсті», – деді Меруерт Танатова.
Марқұмның туыстары ойыншық көліктерді жалға берумен айналысатын кәсіпкер әйел мен оның қызметкерлері бұған дейін Нұрисламбекке қоқан-лоқы көрсетіп, қорқытқанын айтады.
Отбасының болжамынша, күдіктімен арадағы жанжалға тікелей себеп болған мәселе – мың теңге. Жақындарының мәліметінше, күдікті 13 жаста.
Отбасы тергеуден не күтеді
Қаза тапқан жасөспірімнің туыстары тергеу барысында кәмелетке толмаған күдіктінің әрекетіне ғана емес, бұған дейін болған жанжалдардың мән-жайына да құқықтық баға берілуі керек деп есептейді.
Марқұмның тәтесі Гүлсім Мұраттың айтуынша, қайғылы оқиғаға дейін де жиеніне күш қолданылған. Алайда оның пікірінше, полиция мұндай жағдайларға тиісті деңгейде назар аудармаған.
«Мұндай жағдай үш-төрт рет қайталанды. Күдікті жұмыс істеген кәсіпкер әйел біздің Нұрисламды ұрған. Бұл жай ғана ұсақ-түйек оқиғалар емес еді. Полиция да бұған мән бермеді. Біз әділдік талап етеміз, тек әділдік керек. Әлі өз бетінше бәрін толық түсініп, шешім қабылдай алмайтын кішкентай баланың мұндай әрекетке өздігінен барғанына сенбейміз. Менің ойымша, мұның артында белгілі бір күштер тұр. Біз болған жағдайға ересектердің бірінің қатысы бар деп есептейміз», – деді Гүлсім Мұрат.
Қызылорда облыстық полиция департаменті жасөспірімнің өліміне қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.
«Кәмелетке толмаған адамның денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіріп, абайсызда өліміне әкеп соқтыру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті де кәмелетке толмаған және облыстық Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды. Сонымен қатар тергеу аясында кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау дерегі бойынша қылмыстық іс тіркелді», – деп хабарлады полиция.
Құқық қорғау органдары екінші қылмыстық істің нақты кімге қатысты тіркелгенін әзірге жариялаған жоқ.