Адам баласы неге тәуелді болуға бейім — психоаналитик жауабы
Психоаналитик Анна Құдиярова адам баласы тәуелді болуға бейім болуының себебін түсіндірді.
Баланы еңбекке баулуды білмейтін ата-ана кейін баласы неге маскүнем, нашақор болып кеткенін білмей отырады. Бұл туралы психоаналитик Анна Құдиярова Tizgin.kz тілшісіне айтты.
«Тәуелді болу адамның сәби шағымен тығыз байланысты. Биологиялық тұрғыдан қарасақ, біз туған кезде анамызға 100% тәуелдіміз. Ең кемі 7-8 айға дейін өз бетімізбен жүре алмаймыз, не жуына алмаймыз, тіпті су сұрап, киім кие алмаймыз. Тәуелділік осылайша бейсанамызда қалып қояды. Психологиялық сауатты ата-ана баласын тәуелділіктен тәуелсіздікке алып келеді. Мысалы, еңбектеп жүрген балаңызға суды, ойыншықты өзіңіз әкеліп бермейміз. Ол соған еңбектеп жүріп жетуі керек. Әр затқа еңбектеп жүріп жете алған бала ересек өмірінде тәуелсіз адамға айналады», – дейді психоаналитик Анна Құдиярова.
Оның айтуынша, баласын шектен тыс өбектеп, бәрін аузына тығып, алдына алып келетін ата-аналар бар.
«Баланы еңбекке баулуды білмейтін ата-ана кейін баласы неге маскүнем, нашақор болып кеткенін білмей отырады. Өткенде бір жағдайды естідім: келіншек таңғы тоғыздан бастап кешке дейін 3 жастағы баласының қолына ұялы телефон ұстатып қояды екен. Ертең ол бала қандай тұлға болады? Мен, тіпті, 6 айлық баласын емізіп отырса да қолына ұялы телефон ұстап отырған келіншекті көрдім. Сонда ол баланың психикасы не болып жатыр? Ол баланың миы қалай дамиды?» – дейді Анна Құдиярова.
Оның айтуынша, қазір адамзат ақымақ болып бара жатыр деген тақырып қозғалып жатыр.
«Қазір адамдар қысқаша ойлайтын болып бара жатыр, яғни 1 минуттан асатын ақпаратты тыңдауға шыдамдары жетпейді. Кітап оқу, ұзақ уақытты фильм көруден қалып бара жатыр. Наурыз айында «Нейропсихоанализ: сіздің мінезіңіз бен іс-әрекеттеріңіздің құпиялары» тақырыбында психоанализ мектебін өткіздім. Ми қызметін зерттедік. «Неге бір адам сынаққа ұшыраса қайта тұрып, жүріп кете алады, ал бір адам сүрініп кетсе болғаны – маскүнем, нашақор болып шыға келеді? Алматыда жер сілкінісі болғаннан кейін қорқып, 40 күн бойы үйінен шыға алмай қалған адамдар бар, сондай-ақ ел қатарлы жұмысына шығып кеткен адамбар бар. Неге бір оқиғаға әртүрлі қарым-қатынас? Осы сұраққа жауап іздедік. Жалпы, тәуелділіктің түп тамыры адамның 1,5 жасқа дейінгі және 3 жасқа дейінгі кезеңімен тығыз байланысты. Балаға су емізсеңіз де махаббатпен емізу керек. Емізіп отырған кезде қолыңызға ұялы телефон ұстамаңыз. Балаға сүтпен бірге мейірім, махаббат емізу керек. Ал 1,5-3 жас аралығында бала бәрін өзі істегісі келетін, Абай атамыз айтқандай «қолмен ұстап, дәмін татып көргісі келетін» кезеңде балаңызға емін-еркін болуына, өзі шешім қабылдауына мүмкіндік беріңіз. «Аузың күйіп қалады», «Құлап қаласың», «Жылап қаласың» деп балаңыздың орнына бәрін өзіңіз істей берсеңіз – болашақта өзі шешім қабылдай алмайтын, өзгенің ойына, пікіріне тәуелді, жалтақтап тұратын тұлға тәрбиелейсіз деген сөз. Бұл жаста бала күтуді де, өз бетімен әрекет етуді де үйренеді. Оны рухани мүгедекке айналдырып жібермеңіз», – дейді ол.