Экономика

«9-11 пайыз аралығында» – Сүлейменов инфляцияға болжам айтты

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Сенаттың жалпы отырысында инфляциялық жағдай толық тұрақтанды деп айтуға әлі ерте екенін айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

ТӨРАҒА НЕ ДЕДІ

Оның сөзінше, өткен жылы негізгі экономикалық сын-қатер инфляция болды.

«Ұлттық банк Үкіметпен бірге инфляциялық үрдісті өзгертіп, бағаның өсуін баяулатуға қол жеткізді. Ұлттық банк инфляцияны төмендету үшін ақша-кредит саясатының шараларын, макропруденциялық құралдарды және басқа шаралар кешенін қолданды. Монетарлық шаралардың ықпалын күшейту үшін минималды талаптар тетігін жетілдіріп, алтын сатып алу операцияларын теңестіруді енгізді. Үйлестірілген іс-әрекеттер нәтижесінде инфляция былтыр қыркүйектегі 13 пайызға жуық көрсеткіштен биыл мамырда 10,4 пайызға дейін баяулады. Биыл біз инфляцияны 9-11 пайыз аралығында болжап отырмыз. Осыған байланысты 5 маусымда базалық мөлшерлемені 18-ден 17 пайызға дейін төмендеттік», – деді Сүлейменов Үкіметтің былтырғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін талқылау барысында.

ГЕОСАЯСИ ТҰРАҚСЫЗДЫҚТЫҢ ӘСЕРІ ҚАЛАЙ

Алайда ол инфляция әлі екі таңбалы болғандықтан инфляциялық жағдай толық тұрақтанды деп айтуға әлі ерте екенін алға тартты.

«Негізгі тәуекелдер – геосаяси тұрақсыздық пен азық-түліктің әлемдік бағасының өсуі. Ішкі тәуекел факторлары тұрғын-үй коммуналдық қызметтер тарифтері мен жанар-жағармай реформасының қайта басталуымен байланысты. Инфляцияны тұрақтандырудың маңызды факторы сол, фискалдық консолидация. Ұлттық қордан бөлінетін трансферттерді 2,8 трлн теңгеге дейін шектеу – маңызды дезинфляциялық фактор», – деді Ұлттық банк басшысы.

Back to top button