7–9 шілдеге арналған ауа райы: 41 градусқа дейін аптап ыстық болады
«Қазгидромет» синоптиктері 7–9 шілдеге арналған қысқаша ауа райы болжамын жариялады.
Синоптиктердің мәліметінше, атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты еліміздің басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Болжам бойынша, осы кезеңде елдің батысында, шығысында, оңтүстік-шығысында, сондай-ақ 7–8 шілде күндері солтүстік пен орталық өңірлерде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды.
7 шілдеде орталық және шығыс өңірлерде, 8 шілдеде батыс аймақтарда және оңтүстік-шығыстың таулы аудандарында, ал 9 шілдеде батыс өңірлерде қатты жаңбыр жаууы мүмкін. Кей жерлерде бұршақ жауу ықтималдығы бар. Сонымен қатар, батыс, оңтүстік және шығыс өңірлерде желдің күшеюі күтіледі.
Синоптиктер ауа температурасының біртіндеп жоғарылайтынын да болжады. Елдің солтүстік-батысында және орталығында аптап ыстық болып, ауа температурасы 35–39 градусқа дейін көтеріледі. Кейбір өңірлерде 41 градусқа дейін жететін өте қатты ыстық күтіледі. Солтүстік өңірлерде де күн қатты ысып, ауа температурасы 35–38 градусқа дейін көтеріледі.