Жаңалықтар

5 000 шақырым, 7 ай: Қазақстаннан шыққан велосаяхатшылар Малайзияға жетті

Ерлі-зайыптылар жеті айдың ішінде 5 мың шақырымнан астам жолды Қытай, Вьетнам және Таиланд арқылы велосипедпен жүріп өткен.

Қазақстандық велосаяхатшылар Алматыдан Куала-Лумпурға дейін жетті, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы  «24KZ»-ға сілтеме жасап.

Ерлі-зайыпты жұп жеті айдың ішінде 5 мың шақырымнан астам жолды еңсеріп, Қытай, Вьетнам және Таиланд арқылы өткен. Олардың айтуынша, сапарға балалық арман – әлемді аралап шығуды жүзеге асыру үшін шыққан. Азия бағытын өңірдің мәдениеті мен тарихына қызыққандықтан таңдаған. Сондай-ақ, бұл елдермен визасыз режим сапарды жеңілдеткен. Алдағы бірнеше айда олар Сингапур арқылы Индонезияға қарай жолын жалғастырмақ.

«Біздің миссиямыздың бірі – Қазақстан туралы айту, мұндай ел бар екенін, оның үлкен әрі әдемі екенін көрсету. Қазір көп адам Қазақстанға барғысы келетінін айтып жүр, себебі еліміз TikTok-та танымал бола бастады. Басқа елдердің тұрғындары қарды, тауларымызды көргісі келеді. Соңғы уақытта бұл туралы айтатындар көбейіп келеді», – дейді велосаяхатшы Алина Пак.

Велосаяхатшы Максим Пактың айтуынша, ең үлкен қиындықтар Қытай тауларында болған.

«Бұл Вьетнамға кірер алдындағы кезең. Онда 3000 метрге дейінгі биік асулар болды. Өте суық еді, ауа температурасы минус бес градусқа дейін түсті. Біз шатырда түнеп, жылыну үшін от жақтық. Бір апта бойы үнемі жоғары өрлеп жүргеніміз есімде. Сол кезде моральдық тұрғыдан өте қиын болды, өйткені біз өмірімізде мұндай қатты шаршамаған едік. Бір апта бойы тоқтамай педаль айналдыру, оның үстіне жылдамдық та сағатына 3–4 шақырым ғана болды», – дейді ол.

Back to top button