Қазақстанда жасы жүзден асқан қарттар саны қанша
Халықаралық қарттар күніне орай Ұлттық статистика бюросы еліміздегі қариялардың демографиялық ахуалына қатысты назар аударарлық деректерді жариялады. 2026 жылдың басындағы жағдай бойынша Қазақстанда 60 жастан асқан азаматтардың жалпы саны 2 923 472 адамды құрады. Бұл – еліміздің жалпы халқының 14,2 пайызы, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ғасыр жасағандар
Уақыт белесін бағындырып, бір ғасырдан астам ғұмыр кешіп жатқан ақсақалдар мен әжелеріміздің саны ел ішінде аз емес. Статистикаға сүйенсек, қазіргі таңда Қазақстанда 100 жасқа толған және одан асқан 1 323 адам өмір сүріп жатыр.
Жыныстық құрылым жағынан алғанда, әйелдер қауымының үлесі басым. 60 жастан асқандардың ішінде 1 760 202-сі әйелдер болса, ер азаматтардың саны 1 163 270 адамды құрайды. Урбанизация үрдісі бұл санатта да айқын көрініс тапқан: егде жастағы азаматтардың басым бөлігі, нақтырақ айтқанда 1 894 268 адам қалада тұрса, ауылдық жерлерде 1 029 204 қария өмір сүреді.
Қарттар ең көп шоғырланған аймақтардың көшін оңтүстік өңірлер мен ірі мегаполистер бастап тұр:
-
Алматы қаласы – 328 385 адам;
-
Түркістан облысы – 216 544 адам;
-
Қарағанды облысы – 212 487 адам;
-
Алматы облысы – 203 499 адам;
-
Астана қаласы – 171 138 адам.
Зейнеттегі еңбек және әлеуметтік қамту
Жас ұлғайса да, еңбектен қол үзбеген азаматтардың қатары қалың. 2026 жылдың екінші тоқсанындағы мәліметке сәйкес, 60 жастан асқан 465 302 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл – еліміздегі зейнет жасындағы азаматтардың едәуір бөлігі әлі де болса экономикалық белсенділігін жоғалтпағанын, қоғамға, өндіріс пен қызмет көрсету салаларына өз үлесін қосып жүргенін көрсетеді.
Ал жалпы әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі бойынша, 2025 жылғы қорытынды деректерге сәйкес, Қазақстанда зейнетақы алушылардың жалпы саны 2 415 095 адамды құраған.