“Қару тақап қол қой деді”: астаналық Украинадағы соғысқа әкетілгенін анасына хабарлап үлгерген
Астаналық Гүлжан Тасжарғанова Ресейге жұмыс істеуге кеткен 25 жастағы ұлы Мирасты елге қайтара алмай жүр. Анасының айтуынша, тауар қаптап-ораушы болып еңбек етуге барған жігіт соңғы рет хабарға шыққанда Ресей қарулы күштерімен келісімшартқа қол қойғанын айтып үлгерген. 22 қыркүйекте ол әскери көлікпен Украина аумағына кетіп бара жатқанын айтқан, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы Азаттыққа сілтеме жасап.
«Мама, енді жақсы өмір сүреміз»
Гүлжан Тасжарғанова – тоғыз баланың анасы. Мирас – тұңғышы. Күйеуінен ажырасқан әйел үлкен отбасының күнкөріс қамын ұлымен бірге көтеріп келгенін айтады. Отбасы Астана шетіндегі шағын ауданда мемлекет уақытша тұруға берген жалдамалы баспанада тұрады. Гүлжан жәрдемақы, әлеуметтік төлемдер мен алименттің тоғыз баланың қажетіне жетпейтінін жеткізген. Анасының қиналғанын көрген Мирас вахталық жұмысқа баруға шешім қабылдаған.
«Кетеріне екі күн қалғанда одан: “Қайда барасың?” деп сұрадым. Ол: “Мама, вахтаға кетіп барамын. Енді жақсы өмір сүреміз. Саған үй, көлік алып беремін. Барлық қарыз бен несиені жауып тастаймыз” деді», – дейді анасы.
Оның сөзінше, ұлы Ресейдегі жұмысты OLX сервисінен тапқан. Айына 90 мың рубль, шамамен 480 мың теңге жалақы ұсынылған. Мирас 20 тамызда Ресейге аттанған. Алайда Курск қаласына жеткен соң, анасының айтуынша, уәде етілген тауар қаптап-орау жұмысының орнына шошқа союға мәжбүр болған. Бір аптадан кейін үйіне қоңырау шалып, еңбек жағдайы мен тамаққа шағымдана бастаған.
«Таңертең бізді шошқа союға алып кетеді. Мен мұндай жұмысқа келіскен жоқпын. Мен жұмысқа тауар ораушы, жинақтаушы болып келгенмін деді», – дейді Гүлжан Тасжарғанова.
Анасының айтуынша, Мирас шошқа етін жемейтіндіктен, кейде аш жүрген. Жұмысшылар түскі асқа келгенше сиыр немесе тауық етінен дайындалған тағам таусылып қалатын болған. Кәсіпорында Қазақстаннан бөлек, Өзбекстан мен Қырғызстаннан барған азаматтар да жұмыс істеген. Азаттық материалында жұмыс берушіге шағымданған Мирас пен тағы бірнеше мигрантты ет комбинатынан әскери бөлімшеге алып кеткені айтылады.
«Баламды туған еліне қайтарғым келеді»
Мирастың айтуынша, оларды әскери қызметке іріктеу пунктіне апарып, медициналық тексеруден өткізген. Сол жерде араларындағы бір адам құжаттың соғысқа жіберуге қатысты келісімшарт екенін айтып, қол қоюдан бас тартқан.
«Сол кезде арамыздағы бір адам: “Бұл – соғысқа әкететін келісімшарт” деп, шығып кетті. Біз де күмәндана бастадық. Бірақ оны жоқ, бұл ондай шарт емес, бәрі дұрыс, уайымдама деп көндіре бастадық. Сөйтіп бәріміз ақымақ құсап келісе бердік. Әлгі адам ғана дұрыс істеді. Ол дер кезінде бас тартты, ал біз өйткен жоқпыз», – дейді Мирас.
Ол 14 қыркүйекте анасына Ресей Қарулы күштерімен келісімшартқа отырғанын хабарлаған. Азаттықтың мәліметінше, Мирас анасына Смоленск қаласындағы келісімшарт бойынша әскери қызметке іріктеу пунктінің атынан берілген құжатты жіберген. Онда Қазақстан азаматы Мирас Тасжарғановтың 12 қыркүйектен бастап бір жыл мерзімге әскери қызмет етуге келісімшарт жасағаны жазылған. Алайда анасының айтуынша, ұлына келісімшарттың өзі берілмеген. Гүлжан ұлының құжатқа қарумен қорқыту арқылы қол қойғызғанын айтқанын жеткізді.
«Түсінесің бе, мама, алдыңа келісімшартты тастайды да, басыңа қару тақап: ‘Қол қой’ дейді. Ондай кезде оны қарап, оқып та үлгермейсің” деді. “Менен ешкім ештеңе сұраған жоқ. Бізден ‘барғың келе ме, келмей ме?’ деп те сұрамады” дейді», – деді ол.
Мирас анасымен әңгімесінде Воронеж маңындағы, жанында полигоны бар аралық пунктте отырғанын айтқан. Оның сөзінше, сол жерден Луганск қаласына, ұрыс жүріп жатқан аумаққа шабуылдаушы бөлімдерге жібермек болған. Анасының айтуынша, ұлы екі апталық әскери дайындықтан өткен. Гүлжан оны елге қайтаруға көмектесуді сұрап, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне, Бас прокуратура мен полицияға жүгінген. Әйелдің сөзінше, Сыртқы істер министрлігі Ресейге сұрау жолдағанын хабарлаған. Азаттық та министрлікке сауал жіберген, алайда материал әзірленген кезде жауап алмаған.
«Менің мақсатым – баламды отбасына, үйіне, туған еліне қайтару. Ол осы жерде дүниеге келген. Өз баламды жай ғана басқа мемлекеттің қолына бере салуға менің дәтім бармайды», – дейді Гүлжан Тасжарғанова.
22 қыркүйек кешінде Мирас анасымен қысқа уақытқа бейнебайланысқа шыққан. Ол соғысқа алынған басқа адамдармен бірге әскери көлікпен Украина аумағына кетіп бара жатқанын айтқан.
«Қолымнан келгенше хабарласып тұруға тырысамын. Қастарыңда бола алмағаным өкінішті. Сендерді құшақтай алмай жүргеніме қиналамын. Бәріңді жақсы көремін, бәріңді құшақтап, беттеріңнен сүйдім. Не жағдай болса да, мықты болыңдар. Мені кешіріңдер», – деген ол жақындарына.
Ұлымен байланысы сиреген Гүлжан қазір оның бөтен нөмірден болса да хабарласуын күтіп отыр.