Жаңалықтар

400 мың адамның тағдыры: Экс-депутат 55 жаста зейнетке шығудың мәнін түсіндірді

Заң аясында еңбек адамдарының әлеуметтік қорғалуы күшейтілді.

Еңбек жағдайы зиянды жерде жұмыс істейтін азаматтар 55 жаста зейнетке шыға алады. Бұл туралы экс-депутат Нартай Аралбайұлы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Оның айтуынша, бұл норма 2023 жылы өзі жетекшілік еткен заң жобасы аясында қабылданған маңызды өзгерістердің бірі болған.

Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтіндерге жеңілдік

Депутаттың сөзінше, еңбек жағдайы зиянды жұмыстармен байланысты азаматтар енді 55 жасында зейнетке шыға алады.

«2023 жыл – Парламент қабырғасындағы жұмыс тобына жетекшілік еткен алғашқы заң жобам. Бұл заң үлкен өзгерістің бастауы болды», – деп жазды Нартай Аралбайұлы.

Заң жұмысшыларға қандай мүмкіндік берді?

Депутаттың айтуынша, заң аясында еңбек адамдарының әлеуметтік қорғалуы күшейтілді. Атап айтқанда:

  • зиянды өндірісте еңбек ететін азаматтарды ерте зейнетке шығару;
  • денсаулығына зиян келген қызметкерлерді тегін емдеу;
  • жұмысшыларды жыл сайын тегін шипажайға жіберу;
  • сақтандыру компаниялары есебінен еңбек жағдайын жақсарту;
  • өндірісте жарақат алған қызметкерлерге кінәсіне қарамастан толық өтемақы төлеу сияқты өзгерістер енгізілді.

«Бұл – 400 мыңнан астам адамның тағдыры»

Нартай Аралбайұлы заң жобасын қабылдау оңай болмағанын атап өтті.

Оның сөзінше, жұмыс тобына қатысқан барлық тарап мұндай өзгерістерге бірден келісе қоймаған. Дегенмен депутат зиянды өндірісте еңбек ететін азаматтарды қолдау қажет екенін айтты.

«Бұл шахтер, мұнайшы, металлург сынды 2000 мамандық иесінің, 400 мыңнан астам азаматымыздың құқығы, тағдыры, болашағы. Бұл – Мемлекет басшысының еңбек адамдарын қолдауға бағытталған нақты тапсырмасы аясында қабылданған заң жобасы», – деп жазды депутат.

Back to top button