$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
Жаңалықтар

«Жағдайлары ауыр»: Маңғыстауда тұрғындар балықтан уланып, жансақтау бөліміне түсті

Үй жағдайында ысталған балық тұтынған үш ересек адам мен баланың жағдайы нашарлап, ауыр халде ауруханаға түскен, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Ауру белгілері қашан байқалды

Барлығына ботулизм диагнозына күдік қойылып, жасанды өкпе желдету аппаратына қосылған. Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы ақпаратынша, үш ересек адам Мұнайлы ауданынан облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізілді. Одан бөлек, 9 жас 10 айлық бала облыстық балалар көпбейінді ауруханасының инфекциялық бөліміне жатқызылған.

Алдын ала мәліметке сәйкес, бұған үй жағдайында дайындалған суық ысталған балық себеп болуы мүмкін. Мамандар балық ұзақ уақыт бойы тоңазытқышта сақталғанын айтып отыр. Зардап шеккендер оны 17 қыркүйек күні кешкі сағат 20:00-21:00 аралығында тұтынған.

Ал 18 қыркүйек күні кешкісін өздерін жайсыз сезіне бастап, 19 қыркүйекте дәрілер көмегіне жүгінді.

Науқастардың жағдайы қалай

Үйінде жүргенде науқастардың бірнеше мәрте жүрегі айнып, құсуы байқалған көрінеді.

Ауруханаға түскен соң жағдайлары ауыр деп бағаланды. Негізгі белгілерінің қатарында әлсіздік, бас айналу, жұтыну мен көрудің бұзылуы, тамақтың құрғауы, көздің бұлдырауы мен қосарланып көруі, сондай-ақ сана бұзылыстары бар, – делінген ақпаратта.

Қазір науқастың барлығы ауыр жағдайда жатыр. Оларға қарқынды дезинтоксикациялық және симптоматикалық ем жүргізіліп, арнайы ботулизмге қарсы сарысу енгізілген.

Денсаулық сақтау мамандары тұрғындарды азық-түлік қауіпсіздігі талаптарын сақтауға шақырады.

Back to top button