+35 градус ыстық, үсік және қар: қыркүйекке арналған ауа райы болжамы
“Қазгидромет” синоптиктері күздің алғашқы айында батыс пен оңтүстік өңірлерде +35 градусқа дейін ыстық, солтүстікте, шығыста жаңбыр мен қар жауатынын болжады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Түнде температура төмендейді
Болжамға сенсек, қыркүйек басында елдің батысы мен оңтүстігінде жылы ауа райы сақталады. Күндіз ауа температурасы +25…+35 градус шамасында көтерілуі мүмкін.
Одан бөлек, солтүстік, шығыс және орталық аймақтарда салқын күзгі ауа райы болжанады. Түнде температура 0…+8 градусқа дейін төмендеп, кей жерлерде топырақ бетінде 1-3 градусқа дейін үсік жүретін көрінеді. Күндіз бұл аймақтарда күн … +18 градусқа дейін жылынып, кейін температура +22…+30 градусқа дейін көтеріледі.
Жаңбырдан кейін қар жауады
Оңтүстік өңірде қыркүйек басында түнде +13…+20, күндіз +25…+35 градус шамасында күн жылынады. Оңтүстік-шығыста түнгі температура +10…+18, күндіз +20…+28-ден …+33 градусқа дейін жетеді.
Ал солтүстік, орталық және шығыс облыстарда жауын-шашын болуы мүмкін. Жаңбырдан кейін қар жаууы ғажап емес.
Кей аймақта жел күшейеді
Бірінші онкүндік ортасында ел аумағының басым бөлігінде негізінен күн ашық болады деп болжанды. Республиканың батысы мен оңтүстік-батысында күндіз +25…+35 градусқа дейін күн ысуы мүмкін.
Дегенмен бірінші онкүндіктің екінші жартысында солтүстік-батыс циклоны тұрақсыз ауа райын алып келетін көрінеді. Жауын-шашын мен жел күшейіп, артынша қайта күн жылынады.
Үсік жүруі мүмкін
Айдың екінші және үшінші онкүндігінде синоптиктер бірқатар өңірде үсік жүреді деп болжап отыр.
Батыс пен солтүстік-батыс аймақтарда түнде температура 0…+5 градусқа дейін төмендеуі мүмкін. Күндіз температура біртіндеп +27…+35 градустан +12…+22 градусқа дейін төмендейді.
Солтүстікте, орталықта және шығыста түнде де 0-ден +5 градусқа дейін жылынып, кейбір жерде 3 градусқа дейін үсік жүруі мүмкін. Күндіз температура +20…+30 градустан +8…+17 градусқа дейін төмендеуі ықтимал.