Лопестің концертіне бара алмаған Қазақстан азаматы ақшасын сот арқылы өндіріп алды
Қазақстан азаматы былтыр Дженнифер Лопестің концертіне сатып алған билетінің құнын биыл ғана сот арқылы толық өндіріп алды. Іс апелляциялық сатыға дейін жетіп, сот сатып алушының пайдасына қарай шешім шығарды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ол не үшін соттасты
Сот материалдарына сәйкес, азамат туристік агенттік арқылы концерт билетін алу үшін 376 869 теңге төлеген. Алайда ақшасын төлеген соң оған билет те, келісімшарт та, кассалық түбіртек те берілмеген. Осыдан кейін сатып алушы қызметтен бас тартып, төлеген ақшасын толық қайтаруды талап еткен. Орындаушы ақшаны қайтаруға келіскенімен, соманың 30 пайызын, яғни 113 061 теңгені ұстап қалатынын ескерткен.
Бірінші сатыдағы сот бұл дауды туристік қызмет көрсетуге қатысты деп танып, сатушының 30 пайызды ұстап қалу құқығын заңды деп есептеген. Алайда апелляциялық сот бұл шешіммен келіспеді. Сот алқасы тараптар арасында туристік өнімді сатып алу туралы ешқандай келісімшарт жасалмағанын, ал даудың тек концерт билетіне қатысты екенін атап өткен. Сондықтан бұл жағдайда «Туристік қызмет туралы» заңды қолдануға негіз жоқ деген қорытындыға келді.
Сонымен қатар, сатып алушыдан қаражаттың бір бөлігін ұстап қалу туралы шарт оған тек төлем жасалғаннан кейін ғана хабарланғаны анықталды. Бұдан бөлек, орындаушы ұсталған соманы ақтайтын нақты шығындардың болғанын дәлелдей алмаған. Осыны ескерген апелляциялық сот талапкердің шағымын қанағаттандырып, төленген қаражатты толық көлемде қайтаруды және сот шығындарын өндіруді міндеттеді.
Лопестің концерті
Алматы мен Астанада Дженнифер Лопестің концерті былтыр тамызда өткен еді. Алматыдағы орталық стадионда өткен ауқымды шоуға 27 мың көрермен жиналған. Олардың шамамен 7 мыңы 35 елден келген. Олардың ішінде көршілес ТМД мемлекеттерінен бастап, АҚШ, Канада, Түркия, Жапония, Қытай, Германия, Ұлыбритания және Франция азаматтары бар. Сол тұста билеттердің бағасы 40 мыңнан 180 мың теңгеге дейін болды. Алдын ала есеп бойынша, концерт қорытындысы бойынша төленген салықтардың жалпы сомасы шамамен 600 млн теңгені құрайды.
Дженнифер Лопестің турының бас режиссері Кристиан Ламб, ол алты апта бойы шоуға жетекшілік еткен және Алматы, Астана, Ташкент қалаларында жұмыс істеген техникалық директор Григорий Антропов алматылық алаңды дайындау деңгейі барлық қалалардың ішінде ең үздік болғанын атап өтіп, жоғары бағасын берген-тін.