Мен оларды Наурыздың өлімін жасыру үшін өлтірдім – Сәрсемәлиев
Атырауда бұрынғы әйелінің төрт туысын өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Бүгін сот залында аймақтағы соңғы жылдардағы ең резонансты қылмыстық істердің біріне қатысты жаңа мәліметтер айтылды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Айыптау актісіне сәйкес, Сұлтан Сәрсемәлиев Наурыз Мұқанғалиевті, Мақсот Қарабалинді, Нәсіп Өтешқалиеваны және Мейрамгүл Қарабалинаны өлтірді деп айыпталып отыр. Бұған дейін Сәрсемәлиев сотта күлімсіреп, кез келген жазаға дайын екенін айтқан болатын.
Бүгінгі отырыс барысында судья Зарема Хамидуллина айыпталушының тағылған айыптарға қатысты ұстанымын анықтауға кірісті. Сәрсемәлиев алғаш рет іс бойынша әр эпизодқа егжей-тегжейлі тоқталып, қаза тапқандардың барлығына пышақ жарақатын өзі салғанын мойындады.
Іс материалдарына сәйкес, Наурыз Мұқанғалиевтің денесінен 10 пышақ жарақаты, Мақсот Қарабалиннен – тоғыз, Насип Өтешқалиевадан – сегіз, ал Мейрамгүл Қарабалинадан 32 пышақ жарақаты анықталған.
Судьяның тікелей сұрағына жауап берген айыпталушы бұл жарақаттардың барлығын өзі салғанын растады. Алайда Сәрсемәлиев Наурыз Мұқанғалиевті өлтіруді қасақана жасалған қылмыс деп санамайтынын айтты. Оның сөзінше, араларында жанжал туындап, ол төбелеске ұласқан. Сәрсемәлиев жанжал кезінде өзін қорғап, өзін-өзі қорғау мақсатында әрекет еткенін мәлімдеді.
“Мен қасақана кісі өлтірді деген айыппен келіспеймін. Бұл – өзін-өзі қорғау мақсатында жасалды. Мұны қасақана істедім деп мойындамаймын”, – деді айыпталушы.
Алайда іс бойынша қалған эпизодтарда ол кінәсін іс жүзінде мойындады. Сот отырысы кезінде Сәрсемәлиев қалған туыстарын алғашқы қылмысты жасыру үшін өлтіргенін мәлімдеді.
“Мен оларды Наурызды өлтіргенімді жасыру үшін өлтірдім”, – деді сотталушы.
Процесс барысында кісі өлтіруден кейін болған оқиғалардың жай-жапсары да айтылды.
Сәрсемәлиев қаза тапқандардың телефондарын пайдаланғанын, олардың есепшоттарынан ақша шешкенін, несие рәсімдегенін және түскен төлемдерді жұмсағанын мойындады. Бұдан бөлек, ол отбасының мүлкін сатқанын да растады. Айыпталушының сөзінше, қылмыстан кейін ол 17 қойды 950 мың теңгеге, ал екі сиырды әрқайсысын 250 мың теңгеден сатып жіберген.
Сотталушы марқұмдардың зейнетақы төлемдерін пайдаланғанын, олардың құжаттары мен ұялы телефондарын ұрлағанын да мойындады. Тергеу деректеріне сәйкес, қылмыстан кейін ол қаза тапқандардың телефондарын қолдануды жалғастырып, тіпті сол телефондар арқылы такси мен тамақ жеткізу қызметіне тапсырыс берген. Осылайша туыстарының тірі жүргендей көрініс қалыптастыруға тырысқан.
Кейін сот жәбірленушілерден жауап алуға кірісті.
Максот Қарабалиннің әпкесі Әдемі Шілмағамбетова Сәрсемәлиевтің берген жауабымен келіспейтінін және оны шындыққа жанаспайды деп санайтынын айтты. Оның сөзінше, Қарабалиндер отбасы ешқашан Сұлтан мен Ақбаянның қарым-қатынасына араласпаған әрі ерлі-зайыптылардың бірге тұруына қарсы болмаған. Сондай-ақ ол сотта ерлі-зайыптының 2022 жылы ажырасуына Сәрсемәлиевтің көзіне шөп салуы себеп болғанын мәлімдеді.
Сот процесі жалғасып жатыр. Оның өзге де егжей-тегжейімен сілтеме арқылы танысуға болады.