TOP-1Сараптама

Рақымшылық: кімдер түрмеден босатылып, қандай айыппұлдар кешіріледі

Жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы заң жобасы жарияланды. Кеше бұл құжат пен оған ілеспе заң жобаларын Мәжіліс қарауына қабылдаған, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Заң жобасына сәйкес, рақымшылық мына тұлғаларды қылмыстық жауаптылықтан немесе негізгі жазадан босатуды көздейді:

  • қылмыстық теріс қылықтар және (немесе) онша ауыр емес қылмыстар жасаған адамдарды;
  • орташа ауырлықтағы, залал келтіруге әкеп соқпаған қылмыстар жасаған немесе келтірілген залалды толық өтеген, не оларға азаматтық талап қойылмаған адамдарды.

Мінез-құлқының теріс дәрежесі жоқ, орташа ауырлықтағы қылмыс жасағаны үшін сотталған және рақымшылық актісі орындалатын кезеңде жазасын өтеу мерзімінің аяқталуына бір жылдан аспайтын уақыты қалған сотталғандар негізгі жазадан босатылады. Жоғарыда аталған тармақтың талаптарына сәйкес келмейтін орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған тұлғалардың өтелмеген немесе орындалмаған негізгі жаза мерзімі не мөлшері екіден бір бөлікке қысқартылады.

Жазасын өтеп жатқан немесе әлі орындамаған адамдарға келтірілген залалды және оларға қойылған талап-арыздарды толық өтеген жағдайда (немесе ондай талаптар болмаған кезде) өтелмеген немесе орындалмаған негізгі жаза мерзімі не мөлшері:

  • ауыр қылмыстар бойынша – үштен бір бөлікке;
  • аса ауыр қылмыстар бойынша – төрттен бір бөлікке қысқартылады.

Басқа жағдайларда өтелмеген немесе орындалмаған негізгі жаза мерзімі не мөлшері:

  • ауыр қылмыстар бойынша – төрттен бір бөлікке;
  • аса ауыр қылмыстар бойынша – бестен бір бөлікке қысқартылады.

Мінез-құлқының теріс дәрежесі жоқ, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған және рақымшылық актісі орындалатын кезеңде жазасын өтеу мерзімінің аяқталуына бір жылдан аспайтын уақыты қалған адамдардың негізгі жазасының өтелмеген бөлігі қысқартылады.

Заң жобасында қылмыстық рақымшылық қолданылмайтын тұлғалардың ауқымды тізімі көрсетілген. Атап айтқанда:

  • сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасағандар;
  • террористік қылмыстар жасағандар;
  • экстремистік қылмыстар немесе экстремизм белгілері бар қылмыстар жасағандар;
  • кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыс жасағандар (14 пен 18 жас аралығындағы кәмелетке толмағанға қатысты кәмелетке толмаған жасаған жағдайдан басқа);
  • азаптау әрекеттерін жасағандар;
  • қылмыстың қайталануы немесе аса қауіпті қайталануы кезінде жаза тағайындалған адамдар;
  • өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілгендер;
  • қылмыстық топ құрамында қылмыс жасағандар;
  • жазасы толық орындалған және жазасын өтеп шыққан адамдар;
  • қылмыстық құқық бұзушылықтарының жиынтығындағы бір қылмысы рақымшылық туралы заңға сәйкес келмейтін адамдар;
  • үкімдер жиынтығындағы қылмыстарының бірі рақымшылыққа жатпайтын адамдар;
  • жазасын өтеу кезінде қасақана қылмыс жасағандар;
  • сот сырттай жаза тағайындаған адамдар;
  • адам өлтіру, абайсызда адам өліміне әкеп соқтыру, өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу, денсаулыққа қасақана
  • ауыр зиян келтіру, азаптау, жас балаларды азғындату, адам саудасы, әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік немесе діни алауыздықты қоздыру, мемлекеттік сатқындық, тыңшылық, Қазақстан Республикасы
  • Президенті мен Тұңғыш Президентінің өміріне қол сұғу, билікті күшпен басып алу, тонау, бопсалау және басқа да бірқатар ауыр қылмыстарды жасаған немесе сол үшін сотталған адамдар.

ӘКІМШІЛІК РАҚЫМШЫЛЫҚ

Заң жобасына сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтары, кәсіпкерлік субъектілері (Қазақстанда жеке кәсіпкер ретінде тіркелгендер), жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, заң консультанттары, сондай-ақ қандас мәртебесіне ие адамдар 2026 жылғы 17 наурыз сағат 24:00-ге дейін жасалған әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін рақымшылық туралы заң күшіне енген күнге дейін орындалмаған әкімшілік айыппұлдан (немесе оның орындалмаған бөлігінен) босатылады.

Алайда сот әкімшілік жаза тағайындаған және заң жобасында көрсетілген бірқатар әкімшілік құқық бұзушылықтарды жасаған адамдар рақымшылыққа ілінбейді. Бұл құқық бұзушылықтардың тізімі заң жобасында 10 бетті қамтыған.

21 мамырда Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева әкімшілік рақымшылық аясында бірнеше миллиард теңге көлеміндегі айыппұлдар кешірілетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, негізінен бұл ішкі істер органдары салған айыппұлдар болмақ, олардың басым бөлігі жол қозғалысы ережелерін бұзуға қатысты.

Back to top button