219 км/сағатпен жүрген: Алматыда үш кісіні өлтірген адам 1 жылдан соң босап шығуы мүмкін
Алматыдағы әл-Фараби даңғылында үш кісіні көлігімен қағып өлтірген күдікті бір жылдан кейін-ақ түрмеден босап шығуы мүмкін. Мұндай болжамды белгілі адвокат Джохар Өтебеков айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Бүгін сотта ажал құшқан үш кісінің туған-туыстары кінәсін мойындаған күдіктіге тек шартты жаза беруді сұрап отыр. Қоғамда осы мәселе қызу талқыға түсті. Тіпті күдікті осыдан кейін бостандыққа шығуы мүмкін деген де болжамдар айтты.
Адвокат Джохар Өтебековтің сөзінше, тараптарды татуластыру бұл жағдайда мүмкін емес.
“Алайда заң мұндайда шартты жаза беруге тыйым салмайды. Көп жағдайда соттар ондай шешім шығармайды. Формальды санкция – 7 жылдан 10 жылға дейін. Соттар әдетте, шығын өтеліп, ауырлатар мән-жайлар болмаса бес жыл береді. Айыпты қоныс колониясында отырады. Бұл түрмеден едәуір жеңіл. Уақытша оқшаулағышта отырған әр күн екі күн деп есептеледі. Ақыры, жазасының төрттен бірін өтеген соң (1 жыл 3 ай) ол бостандыққа шығуы мүмкін”, – дейді ол.
Қайғылы жол апаты 21 наурыз күні шамамен сағат 03:30-да әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында болған. Тергеу мәліметінше, Zeekr көлігі қарсы бағытқа шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен соқтығысқан. Zeekr тізгінінде 32 жастағы кәсіпкер Александр Пак болған. Жол апатынан кейін ол жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Күдікті бастапқыда медициналық мекемеде күзетпен жатқан, кейін тергеу изоляторына жеткізілді.
Оқиға салдарынан Mercedes көлігінде болған үш адам қаза тапты.
Аталған іс Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі – екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі бойынша тергелді. Бұл бап бойынша ең жоғары жаза – 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру.
Өткен сот отырысында айыпталушы марқұмдардың туыстарынан кешірім сұрап, оларға үндеу жасаған.