2050 жылға қарай қазақстандықтардың 75%-дан астамы қалада тұруы мүмкін
Республика көлемінде қалаға көшіп жатқан үлесі артып келеді. Қыркүйек вйындағы мәліметке сенсек, мемлекет халқының 64,2%-ы қалада тұрады, деп хабарлайды Tizgin.kz Energyprom.kz-ке сілтеме жасап.
Қарағандыдағы жағдай
Ұлттық статистика бюросы ақпаратынша, республикада қала халқының үлесі әсіресе 2024-2026 жылдары тез өсті. Шамамен 15 жыл бұрын бұл көрсеткіш жыл сайын 0,2-0,3 пайыздық тармаққа артса, былтыр 0,6 пайыздық тармаққа жеткен.
Республикалық маңызы бар үш қаланы былай қойғанда, қала халқы үлесі бойынша Қарағанды облысы бірінші орында тұр. Мұнда тұрғындардың 82,8%-ы қалада тұрады. Биыл 1 қыркүйектегі мәліметке сәйкес, облыста тоғыз қала бар. Аталған көрсеткіш аймақта өнеркәсіптің ерте дамуымен байланысты. Бір жылдары ірі кен орындары маңында кеншілер кенттері пайда болып, кейінірек қалаларға айналған.
Қала халқының үлесі жоғары бес облыс қатарына Ұлытау (79,7%), Ақтөбе (76,7%), Павлодар (71,7%) және Шығыс Қазақстан (67,9%) өңірлері кіреді. Бұл аймақтарда экономикалық көрсеткіш өнеркәсіппен байланысты.
Қала халқы көбейіп келе жатқан өңірлер
2010 жылғы және 2026 жылғы қыркүйек айының басындағы деректерге көз жүгіртсек, қала тұрғындары үлесі солтүстік, батыс өңірлердегі кейбір облыста едәуір артқан. Айталық, Қостанай облысында аталған көрсеткіш 11,6 пайыздық тармаққа өсіп, 64,2%-ға жетті. Батыс Қазақстанда өсім 11,3, Ақмола облысында 10,7 пайыздық тармақты құраған.
Тұрғындар саны әсіресе, елдің үш ірі қаласында едәуір көбейген. Астанада тұрғындар саны 2,5 есе, Алматыда 60,2%, Шымкентте 75,3% артты. Бұл халықтың ірі қалаларға шоғырланып, олардың экономикалық маңызы артып келе жатқандығының бір көрінісі деуге болады
Ауыл халқы азайып келеді
2010 жылдан бері Қазақстанның 20 өңірінің онында қала тұрғындарының саны көбейіп, ауыл халқы азайған. Бұл үрдіс әсіресе солтүстік өңірлерде айқын байқалады. Мәселен, Қостанай облысында ауыл тұрғындарының саны 29,5%-ға қысқарса, қала халқы 13%-ға өскен. Осындай өзгеріс Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында да тіркелген.
Ауылдардағы халықтың кемуіне әсер етер себептердің бірі сол, тұрғындардың ірі өнеркәсіп орталықтары мен мегаполистерге қоныс аударуы. Экономикалық мүмкіндіктер мен инфрақұрылымның даму деңгейіндегі айырмашылықтар да ықпал етіп отыр мұндай өзгеріске.
Ұлттық статистика бюросы мәліметінде осы жылдың алғашқы жартысында республикалық маңызы бар үш қаланы қоспағанда, 17 облыстың екеуінде ғана көшіп келгендер саны көшіп кеткендерден көп болғаны жазылды. Олар – Алматы және Ақмола облыстары.
Департамент болжамы
2022 жылы «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ-ның болжау және зерттеу департаменті Қазақстандағы демографиялық өзгерістерге болжам жасаған. Сондағы есепке сәйкес, қала тұрғындарының үлесі 2026 жылы 63%-ға, ал 2029 жылы 63,9%-ға жетуі тиіс еді. Алайда бұл көрсеткіш болжанғаннан жылдам өсіп, 2026 жылғы қыркүйекте 64,2%-ға жетті. Жалпы, қазіргі үрдістер ескерілген жаңа болжамға сәйкес, 2035 жылы Қазақстан халқының 68,3%-ы, 2040 жылы 70,6%-ы, ал 2050 жылы 75,2%-ы қалада тұруы ықтимал.