Жаңалықтар

2027 жылы Қазақстанда АЕК, ең төменгі жалақы және зейнетақы мөлшері қандай болады

Қаржы министрлігі «2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын әзірледі, деп хабарлайды Tizgin.kz.

2027 жылы қандай көрсеткіштер өзгереді

Құжатқа сәйкес, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап мынадай көрсеткіштерді белгілеу ұсынылады:

  • ең төменгі жалақы – 85 000 теңге (өзгеріссіз);
  • айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 4 693 теңге (2026 жылы – 4 325 теңге);
  • мемлекеттік базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері – 38 622 теңге (2026 жылы – 35 596 теңге);
  • ең төменгі зейнетақы мөлшері – 74 919 теңге (2026 жылы – 69 049 теңге);
  • базалық әлеуметтік төлемдерді есептеуге арналған ең төменгі күнкөріс деңгейі – 55 173 теңге (2026 жылы – 50 851 теңге).

Зейнетақы қанша пайыз өседі

Сонымен қатар, заң жобасында жасына байланысты зейнетақы төлемдері мен еңбек сіңірген жылдары үшін төленетін зейнетақыны 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап 8,5%-ға арттыру көзделген.

МӘМС жарнасына қандай өзгеріс енгізіледі

Бұдан бөлек, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекет міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне төлейтін жарна мөлшерлемесін 2%-дан 2,2%-ға дейін ұлғайту ұсынылып отыр.

Заң жобасы 5 қыркүйекке дейін қоғамдық талқылау үшін «Ашық НҚА» порталында жарияланған.

 

Back to top button