Жаңалықтар

2026 жылы зейнетақы қалай есептеледі: мамандар түсіндірді

Зейнетақы төлемдерінің мөлшері барлық азамат үшін бірдей емес.

Алматы қаласы бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік қорғау саласын реттеу және бақылау комитеті департаменті Қазақстанда зейнетақы мөлшері неге байланысты екенін түсіндірді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Ведомство мәліметінше, зейнетақы төлемдерінің мөлшері барлық азамат үшін бірдей емес. Ол әр адамға жеке есептеледі және еңбек өтіліне, зейнетақы жүйесіне қатысуына, табыс көлеміне, сондай-ақ зейнетақы жинақтарының мөлшеріне байланысты.

Қазақстандағы зейнетақы қандай бөліктерден тұрады?

Қазақстандағы зейнетақымен қамсыздандыру бірнеше құрамдас бөліктен тұрады:

  • Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі (МБЗТ) – азаматтың зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты;
  • Жасына байланысты зейнетақы төлемі – 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі мен орташа айлық табысқа байланысты;
  • Жинақтаушы зейнетақы төлемі – БЖЗҚ-дағы жинақталған зейнетақы жарналарының көлеміне байланысты.

2026 жылы жасына байланысты зейнетақы төлемдері ерлерге 63 жастан, әйелдерге 61 жастан бастап тағайындалады.

Сонымен қатар заңнамада зейнетақы төлемдерін тағайындаудың ерекше шарттары қарастырылған азаматтардың жекелеген санаттары бар.

Зейнетақыны есептеу үшін қандай табыс ескеріледі?

2026 жылы жаңадан тағайындалатын жасына байланысты зейнетақы төлемін есептеу кезінде ескерілетін ең жоғары табыс мөлшері 237 875 теңгені (55 АЕК) құрайды.

Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне тікелей байланысты.

Бұл ретте:

  • 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі;
  • міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер;
  • Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес есепке алынатын өзге де кезеңдер ескеріледі.

Базалық зейнетақы қалай есептеледі

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл және одан аз болған жағдайда немесе ол мүлдем болмаған кезде мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі күнкөріс деңгейінің 70%-ын құрайды.

10 жылдан асқан әрбір толық жыл үшін төлем мөлшері 2%-ға ұлғаяды. Алайда оның мөлшері күнкөріс деңгейінің 118%-ынан аспайды.

2026 жылы:

  • ең төменгі базалық зейнетақы – 35 596 теңге;
  • ең жоғары базалық зейнетақы – 60 005 теңге.

Қандай кезеңдер еңбек өтіліне есептеледі

Заңнамада әлеуметтік маңызы бар жекелеген кезеңдерді еңбек өтіліне қосу қарастырылған.

Олардың қатарында:

  • әскери қызмет өткеру;
  • бала күтімі;
  • білім алу;
  • басқа да заңнамада көзделген кезеңдер бар.

Еңбек өтілін қандай құжаттармен растауға болады?

Еңбек қызметін растайтын негізгі құжат – еңбек кітапшасы.

Егер еңбек кітапшасында қажетті жазбалар болмаса немесе тиісті құжаттар жоғалған болса, заңнамада көзделген басқа құжаттар да ескерілуі мүмкін. Олардың ішінде архив мекемелерінің анықтамалары мен жұмыс орнынан берілген құжаттар бар.

Егер қажетті құжаттар мүлдем болмаса немесе мәліметтерді белгіленген тәртіппен растау мүмкін болмаса, кейбір жағдайларда еңбек қызметінің фактісін сот арқылы анықтауға болады.

Back to top button