20 жыл бойы Кореяда қазақ тілін оқытқан профессор «Достық» орденімен марапатталды
Хангук шет тілдері университетінің профессоры Сон Ён Хун 20 жылдан бері қазақ тілінен дәріс оқып, корей халқына Қазақстан мен оның мәдениетін дәріптеп келеді. Бүгін ол «Достық» орденімен марапатталды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Бұл – Қазақстанды зерттеу ісіне берілген жоғары баға деп қабылдаймын»
«Аса құрметті Президент мырза. Бүгін маған осындай жоғары мәртебелі «Достық» орденін табыстағаныңыз үшін шын жүректен алғысымды білдіремін. Бұл мен үшін үлкен мәртебе және зор құрмет. Мен 20 жыл бойы Кореяда қазақ тілін оқытып, Қазақстанды корей халқына кеңінен танытуға, және екі елдің достығы мен өзара түсінігін нығайтуға өз үлесімді қосуға тырысып келемін. Бұл марапат өзіме ғана емес, біздің кафедрамыздың көп жылғы еңбегі және Кореядағы қазақтарды оқыту мен Қазақстанды зерттеу ісіне берілген жоғары баға деп қабылдаймын», – дейді Сон Ён Хун.
Оның айтуынша, алдағы уақытта Мемлекет басшысы Қазақстанды терең білу үшін қазақ тілін оқып жүрген кореялық жастарға деген қызығушылығы артып, қолдауын жалғастыра береді деп үміттенеді.
«Қазақстан – Орталық Азия елдері ішінде ең мықты мемлекет»
«Қазақстан – Орталық Азия елдері ішінде ең дамыған, ең мықты мемлекет екені баршаға мәлім. Жақында жүргізілген саяси реформалар арқылы мемлекетті жаңғыртуға және қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған маңызды шараларды, қадамдарды жасағаныңызды бәріміз жақсы білеміз. Келе жатқан саммиттің нәтижесінде Корея мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас жан-жақты, болашаққа бағытталған стратегиялық әріптестік деңгейіне көтеріледі деп сенемін. Осы орайда Қазақстан мен Корея арасындағы ынтымақтастық нығайып, екі ел арасындағы бауырластық пен достық мәңгі жасай берсін деп тілеймін», – дейді ол.
Посмотреть эту публикацию в Instagram