Ұлттық статистика бюросының бүгін жариялаған деректерінен 2025 жылы қазақстандықтардың жалақы өсімін инфляция «жеп» қойғанын көруге болады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Бюроның мәліметіне сүйенсек, 2025 жылдың IV тоқсанында Қазақстандағы орташа айлық жалақы 473 158 теңге болып, бір жылда 8,8% өскен. Алайда инфляция салдарынан нақты жалақы нақты жалақы 3,2% төмендеп, оның индексі 96,8% болып қалған. Басқаша айтсақ, халықтың сатып алу қабілеті төмендеп кеткен. Ал медианалық жалақы (барлық жалақының ортасындағы мән – ред.) – 339 912 теңге.
Өңірлер арасында ең жоғары өсім Ақмола (17,4%), Солтүстік Қазақстан (13,1%), Абай (11,7%) облыстарында және Алматы қаласында (11,5%) тіркелді.
Салалар арасында ауыл шаруашылығы (25,9%), жылжымайтын мүлік операциялары (14,5%) және көлік секторы (11,9%) өсім қарқыны бойынша алға шыққан. Ал ең төмен өсім денсаулық сақтау (5,6%), білім беру (5,7%) және қосалқы қызмет көрсету салаларында (2,1%) байқалды.
Салалық құрылым жалақыдағы теңсіздіктің айқын екенін көрсетіп тұр деуге болады Мысалы, қаржы және сақтандыру саласында орташа жалақы 987 мың теңгеге, ақпарат және байланыс саласында 883 мың теңгеге, кәсіби және ғылыми қызметте 731 мың теңгеге жеткен. Ал білім беру (329 мың теңге) мен денсаулық сақтау (353 мың теңге) салаларында бұл көрсеткіш айтарлықтай төмен. Сонда секторлар арасындағы табыс айырмашылығы 2-3 есеге дейін деген сөз.