19 жастағы Астана тұрғыны сәбиін сатпақ болды
Ол 8 жылға шартты түрде бас бостандығынан және ата-ана құқықтарынан айырылды.
Астананың 19 жастағы тұрғыны делдалдар арқылы жүктіліктің сегізінші айында жасалған жалған суррогат ана болу шарты негізінде өзінің жаңа туған баласын ерлі-зайыпты жұпқа ақшалай сыйақы үшін берген, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Астана қаласы прокуратурасының мәліметінше, соттың 2025 жылғы 23 мамырдағы үкімімен 19 жастағы қыз және делдалдар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 135-бабы («Кәмелетке толмағандар саудасы») бойынша кінәлі деп танылды.
«Сотталушыларға пробациялық бақылау белгілене отырып, шартты түрде 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Баланың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында ол кәмелетке толмағандарға арналған мамандандырылған мекемеге орналастырылды. Сонымен қатар, Астана қаласы әкімдігінің «Мамандандырылған балалар үйі» КММ-нің талап-арызы бойынша анасы ата-ана құқықтарынан айырылды», – деп жазылған баспасөз хабарламасында.