TOP-2Жаңалықтар

Алматыдағы үш кісінің өлімі: полиция жаппай рейд жүргізіп жатыр

Алматыда жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу деректері, оның ішінде «түнгі жарыстардың» артқаны тіркелген. Жағдайды тұрақтандыру үшін полиция жолдардағы бақылауды күшейтіп, бірқатар рейдтер жүргізді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Алматы қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, негізгі мақсат – ең қауіпті құқық бұзушылықтарды анықтау және олардың жолын кесу. Полицияның мәліметінше, кейінгі үш күнде қалада жол қозғалысы ережелерін бұзудың 5 мыңнан астам фактісі анықталған. Атап айтқанда, көлікті мас күйде жүргізген 43 жүргізуші ұсталды. Олардың бәрі көлік жүргізу құқығынан айырылды.

ПОЛИЦИЯ ТАҒЫ НЕ ДЕЙДІ

Құзырлы органның хабарлауынша, тағы 369 адам көлікті қажетті құжаттарсыз басқарған. 94 автокөлік мамандандырылған айыппұл тұрақтарына қойылды. Сонымен қатар, жылдамдықты арттырудың 2 мыңнан астам дерегі тіркелді.

ТҮНГІ ЖАРЫСТАР

Полицияның мәліметінше, кейбір жүргізушілер әдейі заң бұзып, оны видеоға түсіріп, әлеуметтік желілерде жариялайды. Соған қарамастан, ведомство әрбір осындай жағдай тексеріліп, заң бұзғандар анықталып, жауапкершілікке тартылатынын атап өтеді.

Резонанс туғызған оқиғалардың бірі әл-Фараби даңғылында болды. Жүргізуші көлігін сағатына 250 шақырымға дейін арттырған. Оның жеке басы анықталды. Оған қатысты бірнеше эпизод бойынша әкімшілік материалдар толтырылды. Сот шешімімен ол 10 тәулікке қамауға алынды.

Полиция департаменті көлікті жауапсыз әрі қауіпті түрде жүргізу адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретінін еске салады. Жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және өздерін әрі айналасындағыларды қауіпке ұшыратпауға шақырды.

ШУЛЫ ОҚИҒА

Желі қолданушылары бірнеше күннен бері Алматыдағы әл-Фараби даңғылында 21 наурызға қараған түні болған, үш кісінің өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғасын қызу талқылап жатыр. Батыс бағытта қозғалған Zeekr электркөлігі зымыраған күйі жолдың қарсы бетіне шығып, шығыс бағытта келе жатқан Mercedes автокөлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Mercedes көлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы (22 және 20 жастағы бойжеткендер) оқиға орнында қаза тапты. Zeekr жүргізушісі аман қалды. Ол жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді.

Полиция істі қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-бөлігі бойынша тергеп жатыр. Аталған баптың санкциясы 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.

Back to top button