135 мыңнан 1,96 млн теңгеге дейін: ең жоғары жалақыны кімдер алады
2026 жылдың екінші тоқсанында орташа жалақысы ең жоғары экономикалық сала қаржы және сақтандыру болды, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйеніп.
Ұлттық статистика бюросы 2026 жылдың екінші тоқсанындағы орташа атаулы жалақы туралы деректерді жариялады.
Экономикалық қызмет түрлерін кеңінен қарастырғанда, миллион теңгелік межеден асқан жалғыз сала – қаржы және сақтандыру. Мұндағы орташа айлық жалақы 1,1 млн теңгеге жеткен.
Одан кейін ақпарат және байланыс саласы тұр – 851 мың теңге. Өнеркәсіп саласындағы орташа жалақы 674 мың теңгені құрады.
Ал нақты қызмет түрлеріне келгенде айырмашылық одан да айқын. Қаржылық қызметтер мен сақтандыруға байланысты қосалқы қызметпен айналысатын мамандар орта есеппен 1,96 млн теңге алады. Сақтандыру саласында бұл көрсеткіш – 1,37 млн теңге.
Бағдарламашылардың орташа жалақысы 1,28 млн теңгеге жеткен. Бас компанияларда жұмыс істейтіндер мен басқару мәселелері бойынша кеңес беретін мамандар да орта есеппен 1,2 млн теңге табады.
Көлік саласында да миллион теңгеден жоғары жалақы алатындар бар. Су көлігі қызметкерлерінің орташа айлығы – 1,12 млн теңге. Құбыр көлігі мен авиация саласындағы мамандардың жалақысы шамамен 1 млн теңгені құрайды.
Миллиондық межеге тау-кен өндірісі де жақындаған. Бұл сала қызметкерлерінің орташа жалақысы – 980 мың теңге. Ал жалға беру, прокат және лизинг саласында орташа еңбекақы 807 мың теңгеге жеткен.
Жалақы кестесінің екінші шетінде айырмашылық бірнеше есе. Ең төмен көрсеткіш балық аулау және балық өсіру саласында тіркелген – 135 мың теңге.
Мектепке дейінгі білім беру саласындағы орташа жалақы 240 мың теңгені, ал қауіпсіздікті қамтамасыз ету және тергеу жүргізу саласында 254 мың теңгені құрады.
Айта кетейік, 2026 жылдың екінші тоқсанында Қазақстандағы орташа айлық жалақы 486 388 теңгені құрады.