Ауылдан шыққан қарапайым қазақ баласы Елжас Ғалымовтың Түркиядағы беделді университет ауруханасында нейрохирургия бойынша бес жыл білім алып, күрделі операцияларды жасауы – үлкен еңбек пен табандылықтың тарихы. Ол бүгінде Gazi Üniversitesi Tıp Fakültesi ауруханасында нейрохирург-резидент ретінде соңғы оқу жылын аяқтап келеді. Түркияға келгенге дейін Қазақстанда медициналық білім алған ол шетелдік дәрігерлер үшін күрделі бірнеше кезеңнен тұратын резидентура жолынан өтті. Енді дипломын алып, Қазақстанға оралып, шетелде жинаған тәжірибесін ел медицинасын дамытуға жұмсауды жоспарлап отыр.
Tizgin.kz тілшісі Түркиядағы қазақ нейрохирургімен оның шетелде білім алу жолы, күрделі операциялар, қазақстандық пациенттер, медицинадағы жасанды интеллект және Қазақстан нейрохирургиясының болашағы туралы әңгімелесті.
Түркияда оқуға не себеп болды
Елжас Ғалымов Қостанай облысы, Амангелді ауданы, қазіргі Арқалық қаласының жанындағы Амантоғай ауылында дүниеге келген. 2011-2018 жылдары аралығында Қарағанды медицина университетінде бакалавриат және интернатурада оқып, диплом алған. Интернатура оқыған кезде-ақ, Түркиянын резидентурасына түсу мақсатын қойған. Түркияның медицина оқуына түсу айтарлықтай оңай жолдың бірі емес. Шетелдік дәрігерлер үшін, Түркияга резидентураға түсуі үшін 3 кезеңнен өтуі міндетті:
1) Қазақстандық дипломды растау үшін емтихан тапсыру (STS-seviye tespit sınavı);
2) кез-келген қала мен ауруханада өз қаражатыңыздан 6 ай стаж өту;
3) ең соңғы және ең маңызды кезең – TUS(tıp uzman sınavı) емтиханын тапсыру (бұл емтихан Түркияның ең қиын емтихан болып саналады және АҚШ-тың USMLE емтиханы деңгейімен бірдей болып саналады).
“Интернатурада оқыған кезде барша қазақстандықтар танитын, «алтын скалпель» иегері, елімізге және барша әлемге танымал нейрохирург Мыңжылқы Бердіходжаев ағадан ағалық кеңес ретінде пікірін сұрадым. «Шет тілін білсең, шетелге барып оқығаның дұрыс» деген. Түркияны таңдауыма бірнеше себеп болды. Ең алдымен, Түркияда медицина, әсіресе нейрохирургия саласы жақсы дамып, заманауи технологиялар мен хирургиялық әдістер кеңінен қолданылып келеді. Мен үшін тәжірибелі мамандардың қасында жұмыс істеп, күрделі жағдайларды көріп, өз білімім мен практикалық дағдыларымды дамыту өте маңызды. Сонымен қатар, Түркияның медициналық жүйесі менің кәсіби мақсаттарыма сәйкес келді. Мұнда тек операция жасауды ғана емес, науқасты дұрыс бағалауды, емдеу тактикасын таңдауды және командалық жұмысты үйренуге мүмкіндік бар. Менің ойымша, нейрохирургия – үнемі ізденісті, жауапкершілікті және үздіксіз дамуды талап ететін сала, сондықтан Түркияда резидентурадан өтіп, осы ортада тәжірибе жинақтау мен үшін үлкен кәсіби мүмкіндік деп есептеймін», – дейді ол.
«Мені қазақ болғаным үшін емес, дәрігер ретінде бағалағаны маңызды»

Елжас Ғалымовтың айтуынша, өзіне дейін бұл ауруханаға қысқа мерзімді уақыттарға тәжірибе жинау үшін келген саусақпен санарлықтай қазақ дәрігерлер келген. Осы ауруханаға Қазақстаннан жалғыз қазақ нейрохирург-резидент болып келгенінде, жергілікті түріктер таңданысын жасыра алмаған.
“Менің ұлтыма әріптестерімнің қызығушылығы бар, әрине. Қазақстаннан екенімді білгенде, Қазақстан туралы сұрақтар қойып, мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізге қызығатын кездері болады. Жұмыс барысында ұлттан гөрі дәрігер ретінде қандай маман екенің, командаға қалай үлес қосатының және науқасқа деген жауапкершілігің маңыздырақ деп ойлаймын. Бірге жұмыс істеген жылдар ішінде әріптестеріммен жақсы қарым-қатынас қалыптасты. Кейде қазақ пен түрік халықтарының мәдениеті мен дүниетанымындағы ұқсастықтарды байқаймыз. Бұл да өзімді бөтен ортада сезінбеуіме әсер етті. Мен үшін Түркияда қазақтың атын жақсы жағынан танытып, өз кәсібім арқылы Қазақстанды таныстыру – үлкен жауапкершілік. Менің ойымша, адамның ұлты оның кім екенін көрсетсе, кәсібилігі оның қандай адам екенін көрсетеді. Осы ортада мені ең алдымен қазақ болғаным үшін емес, дәрігер және әріптес ретінде бағалағаны маңызды», – дейді дәрігер.
Елжас Ғалымов Gazi Üniversitesi Tıp Fakültesi ауруханасына келуінің себебі кәсіби жолындағы маңызды кезеңдердің бірі болғанын айтты. Нейрохирургияны таңдағаннан кейін ол өзін тек теориялық тұрғыдан емес, тәжірибе жүзінде де дамытатын, күрделі жағдайлармен жұмыс істеуге мүмкіндік беретін орта іздеген. Осы тұрғыдан GÜTF ауруханасы өзі үшін үлкен мектеп болған. Түркияда нейрохирургия резидентура оқу бағдарламасы – 5 жыл. Қазір нейрохирург-резидент ретінде соңғы 5-ші жыл оқу жылында. Қазақстанда бұл оқу 4 жыл болса, Ресейде 2-3 жыл.
“Бес жыл бойы осында оқуыма ең басты себеп – осы жерде күн сайын жаңа нәрсе үйреніп, тәжірибелі мамандардан білім алу мүмкіндігі. Нейрохирургияда әр науқас, әр операция – өз алдына үлкен сабақ. Бұл жерде өткізген әр жылым кәсіби тұрғыдан өсуіме әсер етті. Сонымен қатар, уақыт өте келе бұл аурухана мен үшін тек жұмыс орны емес, өзімді маман ретінде қалыптастырған ортаға айналды. Осында қалып, білімімді тереңдетіп, тәжірибемді арттыруды жалғастырғым келді», – дейді ол.
«Нейрохирург болу тек ота жасауды үйрену емес»

Маман Түркиядағы нейрохирург жұмысының Қазақстандағы жұмыстан қандай айырмашылығы бар екенін айтты.
«Менің ойымша, екі елде де нейрохирург мамандығының негізі бір – науқастың өмірі мен денсаулығына үлкен жауапкершілікпен қарау, бірақ жұмыс процесінде белгілі бір айырмашылықтар бар. Түркияда мені жұмыс жүйесінің ұйымдастырылуы, көпсалалы команданың бірлесіп жұмыс істеуі және заманауи технологияларды күнделікті тәжірибеде қолдану мүмкіндігі қызықтырды. Мұнда күрделі науқастарды неврология, нейрорадиология, онкология, реанимация және басқа да мамандармен бірге талқылау кең тараған. Қазақстанда да нейрохирургия қарқынды дамып келеді және білікті мамандар өте көп, сондықтан мен бұл айырмашылықты «бір елде жақсы, бір елде нашар» деп қабылдамаймын. Керісінше, екі жүйеден де үйренетін нәрсе бар деп ойлаймын. Қазақстанда алған базалық білімім мен тәжірибем Түркияда маған үлкен көмегін тигізді. Ал Түркияда жинап жатқан тәжірибем болашақта өз елімнің нейрохирургиясына да пайдалы болады деп сенемін», – дейді нейрохирург.
Оның тағы бір байқағаны – жаңа технология мен ғылыми білімді тәжірибемен ұштастыруға деген ұмтылыс.
«Әр күрделі жағдай маған бір нәрсені үйретті»
Оның айтуынша, нейрохирургияда күрделі жағдайлар өте көп кездеседі. Соңғы жылдары ми ісіктері, миға қан құйылу, ауыр бас-ми жарақаттары, омыртқа мен жұлынның күрделі патологиялары сияқты жағдайлармен жұмыс істеген.
«Кейбір науқастардың жағдайы өте ауыр болып, шешім қабылдауға аз ғана уақыт қалатын кездер де болды. Осындай жағдайлардың ішінде маған ең көп әсер ететіні – науқастың өміріне тікелей қауіп төндіретін шұғыл жағдайлар. Мысалы, миға қан құйылған кезде әр минуттың маңызы бар. Мұндай сәтте дәрігер эмоцияға берілмей, жағдайды тез бағалап, дұрыс тактиканы таңдауы керек. Әрине, кейбір жағдайлардың нәтижесі біз қалағандай бола бермейді, бірақ дәрігер ретінде әр науқастан сабақ алып, келесі пациентке көмектесу үшін өзіңді үнемі жетілдіріп отыруың керек», – дейді ол.
«Науқас сөйлеп, қол-аяғы қимылдап, өздігінен жүре бастады»

Нейрохирург алғаш жасаған операциясы әлі күнге дейін есінде екенін айтты. Оның айтуынша, нейрохирургияда алғаш рет операциялық бөлмеде жауапкершілікті сезіну-сөзбен айтып жеткізу қиын ерекше сезім.
«Ерекше есімде қалған операциялардың бірі – түнгі кезекшілік кезінде мидың интрапаранхималдық гематома диагнозымен түскен науқас. Науқастың жағдайы өте ауыр халде, көз ашуы мен сөйлеуі болмай, айтылған бұйрықтарды орындай алмауы, ал операцияның күрделілігі ми ішіндегі гематома жанынан өмірге аса маңызды, миды қанмен қамтамасыз ететін қан тамырлардың жақын орналасуы. Операция кезінде бүкіл команданың үйлесімді жұмысы өте маңызды болды. Ең есте қалғаны – операциядан кейінгі нәтиже. Науқас есін жинап, сөйлеп, қол-аяғы қимылы қалпына келіп, өздігінен жүре бастағанын көру мен үшін үлкен эмоциялық сәт болды. Осындай кездерде осы мамандықты не үшін таңдағаныңды тағы бір рет түсінесің. Нейрохирургияда кейде бірнеше сағатқа созылған операциядан кейін науқастың жағдайындағы кішкентай ғана оң өзгерістің өзі дәрігер үшін үлкен қуаныш», – дейді маман.
Қазақстандықтар Түркияға қандай аурулармен емделуге барады
Олжас Идеатұлының айтуынша, Түркияда Қазақстаннан емделуге келген науқастарды кездестіріп тұрады.
«Кейбір науқастар нақты операция жасату үшін келсе, енді біреулері өз диагнозын нақтылау немесе емдеу тактикасы бойынша екінші медициналық пікір алу мақсатында келеді. Менің байқауымша, шетелге емделуге келген адам үшін ең маңызды мәселелердің бірі – диагнозын және емдеу жолын толық түсіну. Сондықтан дәрігер ретінде тек медициналық процедурамен шектелмей, науқасқа оның жағдайын қарапайым әрі түсінікті тілмен түсіндіруді де маңызды деп санаймын. Әсіресе күрделі диагноз қойылған немесе қосымша медициналық пікір мен емдеу мүмкіндігін іздеген науқастар Түркияға жүгінеді. Қазақстандық науқастармен жұмыс істегенде өзіме ерекше жақын сезім болады. Бір елден шыққан адам болғандықтан, олардың жағдайын, алаңын жақсырақ түсінуге тырысамын. Кейде медициналық көмек көрсетумен қатар, науқасқа түсінікті тілде жағдайын түсіндіріп, моральдық тұрғыдан қолдау көрсету де маңызды. Мен үшін ең маңыздысы – науқастың қай елден келгеніне қарамастан, оған медициналық тұрғыдан дұрыс әрі қауіпсіз көмек көрсету.», – дейді ол.
Маман Қазақстанда да өте білікті дәрігерлер мен заманауи медициналық мүмкіндіктер бар, сондықтан шетелде емделу-мақсат емес, қажет болған жағдайда қолданылатын мүмкіндіктердің бірі деп қараған дұрыс екенін айтты.
Қазақстан медицинасының қандай артықшылықтары бар
Ол шетелде жүргенде Қазақстан медицинасындағы көптеген нәрселердің құндылығын тереңірек түсінгенін айтып өтті. Шетелде тәжірибе жинақтау оған Қазақстан медицинасының кемшіліктерін ғана емес, оның күшті жақтарын да сырт көзбен бағалауға мүмкіндік берген.
«Ең алдымен, қазақстандық дәрігерлердің клиникалық ойлау қабілеті мен күрделі жағдайларда шешім қабылдау тәжірибесін ерекше атап өтер едім. Бізде кейде мүмкіндігі шектеулі жағдайда жұмыс істеуге тура келеді. Соған қарамастан дәрігерлер бар ресурсты тиімді пайдаланып, науқасқа көмектесудің жолын іздейді. Шалғай облыс ауруханаларына Астана, Алматы қалаларынан нейрохирургиялық орталықтардан нейрохирургтар барып, мастер-класс көрсетіп, өз тәжірибелерімен бөліскендерін көру-өте үлкен жетістіктердің бірі. Білікті мамандардың саны да артып жатыр. Тағы бір бағалай бастаған нәрсем – дәрігер мен науқас арасындағы қарым-қатынас. Қазақстандық дәрігерлердің науқаспен жақын сөйлесіп, оның жағдайына тек медициналық емес, адамдық тұрғыдан да алаңдайтыны мен үшін маңызды құндылық», – дейді ол.
Қай кезде бас ауруы қауіпті белгі болуы мүмкін
Елжас Ғалымовтың айтуынша, кейбір белгілерді адамдар шаршаудан, күйзелістен немесе ұйқының аздығынан деп қабылдап, ұзақ уақыт елемей жүреді. Кей жағдайда олар неврологиялық аурудың белгісі болуы мүмкін.
Ол бір маңызды нәрсені атап өтті: бұл белгілердің болуы міндетті түрде «мида ауру бар» дегенді білдірмейді, өйткені әр симптомның көптеген себебі болуы мүмкін. Өздігінен диагноз қоймай, симптом қайталанса, күшейсе немесе әдеттегіден өзгеше болса – неврологқа немесе тиісті маманға қаралған дұрыс.
«Меніңше, медицинада ең маңызды нәрселердің бірі-ауруды асқынған кезде емес, ерте кезеңде анықтау. Бас ауруын әрдайым шаршау немесе ұйқының аздығынан деп қабылдауға болмайды. Әсіресе бұрын болмаған, сипаты өзгерген немесе біртіндеп күшейіп келе жатқан бас ауруына мән берген дұрыс. Мысалы, бас ауруы кенеттен және өте қатты басталса, бұрынғы бас ауруларынан ерекше болса, немесе оған құсу, көрудің бұзылуы, сөйлеудің қиындауы, қол-аяқтың әлсіздігі не ұюы, бет асимметриясы, тепе-теңдіктің бұзылуы, есінен тану немесе құрысу қосылса, міндетті түрде шұғыл медициналық көмекке жүгіну керек», – дейді ол.
Оның айтуынша, бас ауруы жиілеп, күн сайын қайталана берсе, ауырсынуды басатын дәрілер бұрынғыдай әсер етпесе, түнде ұйқыдан оятса немесе таңертең айқынырақ байқалса – дәрігерге қаралған жөн.
«Бас жарақатынан кейін пайда болған бас ауруын да елемеуге болмайды, бірақ кез келген бас ауруы ми ауруын білдірмейді. Оның себебі мигрень, қан қысымының өзгеруі, ұйқының бұзылуы және басқа да көптеген жағдайлар болуы мүмкін. Ең маңыздысы – жаңа, әдеттен тыс немесе күшейіп келе жатқан бас ауруын өз бетімен емдей бермей, себебін анықтау», – дейді маман.
Бас сүйегін ашпай ми тамырларына операция жасауға бола ма

Нейрохирургтің айтуынша, қазіргі медицина миға жасалатын операциялардың қауіпсіздігін бұрынғыдан айтарлықтай арттырды.
«Бүгінде операцияға дейінгі МРТ, КТ және басқа да зерттеулер арқылы мидың анатомиясын өте нақты бағалап, хирургиялық жолды алдын ала жоспарлауға мүмкіндік бар. Операция кезінде нейромониторинг (ісік өмірге аса маңызды қозғалу және сөйлеу орталығында орналасса, ісікті алу кезінде ол орталықтарға жақындаған сәтте бізге ескерту беретін құрал), нейронавигация (ісіктің орналасқан жерін миллиметрге дейін дәлділікпен көрсететін құрал) және микроскопиялық технологиялар сияқты әдістер де қолданылады. Ми – өте күрделі ағза, сондықтан қан кету, инфекция, неврологиялық бұзылыстар сияқты белгілі бір қауіптер әрқашан бар. Бұл қауіп операцияның түріне, орналасқан аймаққа, науқастың жалпы жағдайына және аурудың ерекшелігіне байланысты өзгереді, сондықтан қазіргі нейрохирургияның мақсаты тек операция жасау емес, науқасқа қажетті емдік нәтижеге қол жеткізе отырып, мидың сау тіндерін барынша қорғау. Дұрыс жоспарлау, заманауи технологиялар және тәжірибелі мультидисциплинарлық команда осы қауіптерді азайтуға мүмкіндік береді», – дейді ол.
Оның айтуынша, жасанды интеллект нейрохирургтың жұмысын біртіндеп өзгертіп жатыр, бірақ оны дәрігерді алмастыратын құрал емес, дәрігердің мүмкіндігін кеңейтетін технология деп қарастырған жөн.
«Қазірдің өзінде жасанды интеллектті МРТ және КТ суреттерін талдауға, патологиялық өзгерістерді анықтауға, операцияны алдын ала жоспарлауға және үлкен көлемдегі медициналық ақпаратты жүйелеуге қолдану мүмкіндігі бар. Болашақта бұл технология операция кезінде де хирургқа қосымша ақпарат беріп, белгілі бір шешімдерді дәлірек қабылдауға көмектесуі мүмкін. Дегенмен нейрохирургияда бір ғана суретке немесе алгоритмнің қорытындысына сүйену жеткіліксіз. Меніңше, болашақтағы нейрохирург – жасанды интеллектпен бәсекелесетін емес, оны дұрыс пайдалана алатын құрал болады. Технология дамыған сайын дәрігердің клиникалық ойлауы, тәжірибесі және адаммен қарым-қатынасы одан сайын маңызды бола береді», – дейді Елжас мырза.
Нейрохирургия туралы қоғамдағы 4 қате түсінік
Ол нейрохирургияға қатысты қандай қате түсініктерді жиі кездесетіні туралы айтты.
«Ең жиі кездесетін қате түсінік – «нейрохирургқа барсаң, міндетті түрде операция жасайды» деген түсінік. Шын мәнінде, нейрохирургтың міндеті тек операция жасау емес. Көп жағдайда науқасқа консервативті ем, бақылау немесе басқа мамандардың көмегі жеткілікті болуы мүмкін», – дейді Елжас Ғалымов.
Оның пікірінше, тағы бір қате түсінік – «миға жасалған операция міндетті түрде өте қауіпті» деген пікір. Ми операциялары, әрине, жоғары жауапкершілікті және белгілі бір қауіптері бар араласулар, бірақ қазіргі диагностика, операцияны жоспарлау, нейронавигация, нейромониторинг сияқты заманауи әдістер қауіптерді азайтуға мүмкіндік береді.
«Омыртқаға қатысты да «МРТ-дан жарық шықса, бірден операция керек» деген пікір жиі кездеседі. Негізінде шешім МРТ-дағы өзгеріске ғана емес, оның науқастың шағымдарына және жүйке жүйесінің жағдайына әсеріне қарай қабылданады. Меніңше, ең маңыздысы – диагнозды интернеттен немесе таныстардың тәжірибесінен іздеп, өз бетімен қорытынды жасамау. Әр науқастың жағдайы жеке бағалануы керек. Кейде операция қажет болады, кейде қажет емес. Нейрохирургиядағы басты мақсат – мүмкіндігінше дұрыс диагноз қойып, науқасқа ең қажетті емді таңдау», – дейді ол.
Оның пікірінше, «миға ота наркозсыз жасалады» дегенді дұрыс түсіндіру маңызды.
«Кейбір ми операциялары науқас ояу күйде жүргізіледі. Бұл әдіс awake surgery деп аталады. Әсіресе сөйлеу, қимыл-қозғалыс, есте сақтау сияқты маңызды функцияларға жауап беретін аймақтарға жақын орналасқан ми ісіктеріне операция жасағанда қолданылуы мүмкін. Науқас толықтай ауырсынумен отырмайды: бас терісі мен операция аймағы жергілікті жансыздандырылады, ал қажетті кезеңдерде анестезиялық дәрілер беріледі. Операция кезінде дәрігер науқаспен сөйлесіп, белгілі бір тапсырмаларды орындауын сұрай алады. Осы арқылы мидың маңызды функцияларын бақылап, сау тіндерді барынша сақтауға мүмкіндік туады, бірақ барлық ми операциясын ояу күйде жасауға болмайды. Мұндай әдісті қолдану операцияның түріне, ісіктің орналасуына, науқастың жағдайына және басқа да факторларға байланысты жеке шешіледі», – дейді маман.
«Өз жақының ауырғанда дәрігер емес, отбасы мүшесі боласың»
– Нейрохирург Генри Марштың «Не навреди» кітабында нейрохирург өз ұлына ота жасай алмай, әріптесіне тапсырғанын айтады. Психологтар жақынын психолог ретінде қабылдамайды, сол сияқты хирург өз жақынына ота жасай алмайды деген түсінік бар ма?
– Адам өз жақыны ауырған кезде дәрігер емес, ең алдымен сол адамның отбасы мүшесіне айналады. Меніңше, осы екі рөлді ажырата білу-медицинадағы кәсібиліктің бір бөлігі. «Не навреди» кітабындағы жағдай да осы мәселені өте әсерлі көрсетеді. Мұндай түсінік медицинада бар. Дәрігер үшін жақын адамының науқас болуы эмоциялық тұрғыдан өте ауыр. Әсіресе нейрохирургияда шешім қабылдау үлкен жауапкершілікті талап етеді. Мұндай жағдайда эмоциялық байланыс дәрігердің объективті клиникалық шешім қабылдауына әсер етуі мүмкін деп есептеледі. Осы себепті көптеген дәрігерлер өз отбасы мүшесіне немесе өте жақын адамына күрделі операцияны басқа әріптесіне тапсырғанды жөн көреді. Бұл жерде мәселе хирургтың кәсіби біліктілігінде емес. Керісінше, кейде ең дұрыс кәсіби шешім – өз эмоцияңды ескеріп, науқастың қауіпсіздігі үшін басқа маманды тарту.
Нейрохирургтерде қандай кәсіби ырымдар бар

Ол нейрохирургтердің мамандығына қатысты наным-сенімдері туралы да тоқталып өтті.
«Кәсіби ырымдар мен әдеттердің ғылыми негізі жоқ, сондықтан оны медицинадағы нақты қағида деп қабылдауға болмайды. Мысалы, кейбір хирургтар операция алдында белгілі бір тәртіптің өзгермегенін қалайды: операциялық киімді, құралдарды немесе жұмыс ретін алдын ала мұқият дайындау, операция алдында команданың бәрімен жоспарды тағы бір рет нақтылап алу сияқты. Кейде мұндай әдеттер сырт көзге ырым сияқты көрінуі мүмкін, бірақ шын мәнінде олардың көпшілігі тәртіп пен психологиялық дайындыққа байланысты. Нейрохирургияда «операция алдында артық сөз айтпау», «операцияның нәтижесін алдын ала тым көп талқыламау» сияқты түсініктерді де кездестіруге болады. Бұл көбіне адамның жеке мінезіне және жұмыс тәжірибесіне байланысты», – дейді ол.
12 сағаттық операция, өлім және жауапкершілік
Маман күрделі операция алдында толқу сезімінде болатынын, өйткені алдыңда адамның денсаулығы мен өміріне қатысты үлкен жауапкершілік тұратынын айтты. «Тәжірибе артқан сайын бұл толқу қорқыныштан гөрі жауапкершілік пен жинақылыққа айналады. Ал операция басталғаннан кейін барлық назар бір нәрсеге – науқасқа қауіпсіз әрі дұрыс көмек көрсетуге бағытталады. Кейде бірнеше сағатқа созылған күрделі операциядан кейін науқастың жағдайы жақсы екенін көру – сол жауапкершілік пен шаршаудың бәрін ақтайтын ерекше сезім.
«Менің тәжірибемдегі ең ұзақ операция шамамен 12 сағатқа созылған. Ол «факторлық шұңқыр ісігі» диагнозы бар науқас болатын. Бірнеше сағат бойы жоғары концентрацияны сақтап жұмыс істеу физикалық жағынан да, психологиялық тұрғыдан да оңай емес, бірақ операция кезінде уақытты мүлде сезбей қалатын кездер болады. Барлық назар науқастың жағдайына және операцияның нәтижесіне бағытталады», – дейді ол.
Оның айтуынша, отадан кейін кейбір басқа ағза жүйесі асқыныстарына байланысты реанимацияда көз жұматындар болған.
«Мұндай сәт дәрігер үшін өте ауыр. Қанша тәжірибе жинасаң да, алдыңда адамның өмірі тұрған кезде оның қайтыс болуы ешқашан үйреншікті жағдайға айналмайды. Әрине, сол кезде ең алдымен эмоцияға берілмей, медициналық тұрғыдан барлық қажетті шараларды соңына дейін орындауға тырысасың. Дегенмен медицинада барлық жағдайды дәрігердің бақылауында ұстау мүмкін емес. Кейде науқастың бастапқы жағдайы өте ауыр болады, кейде аурудың өзі өмір сүруге мүмкіндік бермейді. Мұны түсіну керек, бірақ қабылдау бәрібір оңай емес. Осындай жағдайлар дәрігерге үлкен сабақ береді. Әрбір науқастың артында отбасы, жақындары, өз өмірі бар екенін тағы бір рет сезінесің», – дейді нейрохирург.
«Дәрігерден ем алады, ал дәрігер одан сабақ алады»
Ол науқастың туыстарына күрделі диагнозды қалай түсіндіретінін айтты.
«Күрделі диагнозды науқастың туыстарына айту – дәрігер үшін де жауапкершілігі жоғары сәт. Мұндай кезде медициналық терминдерді көп қолданбай, жағдайды мүмкіндігінше қарапайым әрі нақты тілмен түсіндіруге тырысамын. Әрине, мұндай кезде туыстардың қорқынышы мен қобалжуын да ескеру маңызды, сондықтан «бәрі жақсы болады» деп үміт берумен бірге, жағдайды шынайы түсіндіріп, біз не істей алатынымызды нақты айту дұрыс деп ойлаймын. Кейде дәрігер үшін қиын нәрсе – медициналық терминді түсіндіру емес, адамның сол ақпаратты қабылдауына көмектесу. Мен туыстарына сұрақ қоюға мүмкіндік беріп, түсінбеген жерін қайта түсіндіруге тырысамын. Науқастың жақындары дәрігердің не айтып тұрғанын ғана емес, әрі қарай не болатынын және біз қандай қадам жасайтынымызды білуі керек», – дейді Елжас Идеатұлы.
Маманның айтуынша, дәрігерлік мамандыққа деген көзқарасына әсер еткен науқастар болған.
«Кейбір науқастардың оқиғасы есте ерекше қалады. Әсіресе ауыр жағдайда келген, бірақ емге деген үмітін жоғалтпаған науқастар маған көп нәрсе үйретті. Кейде біз дәрігер ретінде диагнозға, МРТ-ға, операцияның техникалық жағына көбірек көңіл бөлеміз. Ал науқас үшін сол сәтте ең маңыздысы – өміріне қайта оралу, жақындарымен бірге болу, қалыпты жүріп-тұру немесе өздігінен өмір сүре алу болуы мүмкін. Осындай жағдайлар маған дәрігер болу тек ауруды емдеу немесе операция жасау емес екенін түсіндірді. Науқастың артында бір адамның өмірі, отбасы және үміті тұрғанын ешқашан ұмытпау керек. Жылдар өте келе мен дәрігерлік мамандыққа тек кәсіби тұрғыдан емес, адамдық тұрғыдан да қарай бастадым. Кейде науқас дәрігерден ем алады, ал дәрігердің өзі сол науқастан өмірге деген көзқарасын өзгертетін үлкен сабақ алады», – дейді ол.
«Қазақстаннан алыстаған сайын оның қадірін түсіндім»

Оның айтуынша, Түркияда бес жыл жұмыс істеу оны тек дәрігер ретінде емес, адам ретінде де көп өзгерткен.
«Ең бастысы, осы жылдар ішінде мен медицинада үнемі үйреніп, өзіңді жетілдіріп отырудың қаншалықты маңызды екенін түсіндім. Түркияда өмір сүру маған маман ретінде ғана емес, адам ретінде көп нәрес үйретті. Басқа мәдениетке бейімделуді, өзімнен өзгеше адамдарды түсінуді үйретті. Сонымен қатар, қазақтың дастарханы мен ұлттық тағамдарын ерекше сағынамын. Бауырсақтың иісі, қымыз, бешбармақ сияқты тағамдар тек ас емес, мен үшін балалық шақпен, отбасымен байланысты естеліктер. Кейде Қазақстанның кең даласын, табиғатын, туған қаламды және жақындарымды сағынамын. Шетелде жүргенде туған жердің қадірін бұрынғыдан да жақсы түсінеді екенсің. Қай жерде жүрсем де, Қазақстаннан алыстаған сайын оның менің өмірімдегі орны ерекше екенін сезіне түсемін», – дейді Елжас Идеатұлы.
Шетелде білім алғысы келетін жастарға нейрохирургтен 3 кеңес
Ол шетелде дәрігер болып жұмыс істеуді немесе білім алуды армандайтын жастарға ең алдымен мақсаттарын нақты анықтап алуға кеңес берді.
«Қай елге барамын дегеннен бұрын, ол жерге не үшін баратыныңды түсіну маңызды. Шетелге шығу – тек жақсы медициналық технологияларды көру немесе диплом алу емес. Жастарға айтарым: үлкен мақсат қоюдан қорықпаңыздар, тіл үйреніңіздер, өз мамандығыңызды терең меңгеріңіздер және мүмкіндік болса, халықаралық тәжірибеден өтуге тырысыңыздар. Шетелге шығуды мақсаттың өзі емес, кәсіби дамуға апаратын жол ретінде қараған дұрыс.», – дейді маман.
Оның айтуынша, ең үлкен сынақ – жаңа медициналық жүйеге, тілге, жұмыс тәртібіне және мәдени ортаға бейімделу.
Біріншіден, тіл үйренуге және кәсіби білімді үнемі жетілдіруге ерекше көңіл бөлу керек.
Екіншіден, алғашқы қиындықтардан қорықпау қажет. Әр қиындық тәжірибе береді. Өз еліңнен тыс жерде жұмыс істегенде кейде өзіңді қайтадан студент сияқты сезінесің. Бұл – қалыпты жағдай.
Үшіншіден, қай елде жүрсе де, өз туған өлкенді ұмытпау маңызды. Шетелде алған білім мен тәжірибенің ең үлкен құндылығы – оны кейін өз еліңе де пайда әкелетіндей қолдана білу.
«Шетелде бірнеше жыл жұмыс істеп, білім мен тәжірибе жинақтаудың негізгі мақсаттарының бірі – сол тәжірибені кейін Қазақстанға пайдасы тиетіндей пайдалану деп ойлаймын. Қазақстанда нейрохирургияның дамуына үлес қосу мен үшін маңызды. Құдай қаласа, осы қыста дипломымды алғалы жатырмын. Әзірге нақты қай уақытта және қандай форматта оралатынымды айту қиын. Мен үшін шетелде қалу немесе Қазақстанға оралу – екі бөлек мақсат емес. Ең маңыздысы – қай жерде жүрсем де, өз кәсібім арқылы науқастарға пайда әкелу және Қазақстан медицинасына өз үлесімді қосу. Медицинаның дамуы тек жаңа аппарат сатып алумен өлшенбейді», – дейді ол.
Мықты маман және үздіксіз білім алу мәдениеті қатар жүруі керек. Маман егер осы екі бағытты күшейте алсақ, Қазақстан нейрохирургиясының мүмкіндігі одан әрі артады деп есептейді.