Бір жылда қазақстандықтардың табысы 14%-ға артты
2026 жылдың екінші тоқсанында Қазақстан халқының жан басына шаққандағы ақшалай табысы орта есеппен 410 088 теңгені құрады. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 14 пайызға жоғары. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенген Tizgin.kz халық табысының негізгі көздері мен шығыс құрылымына шолу жасады.
Табыстың басым бөлігі еңбекпен келеді
Бюро мәліметінше, халықтың ақшалай табысының 72,7 пайызы еңбек қызметінен түскен. Оның ішінде жалдамалы жұмыстан түсетін кірістің үлесі – 64,6 пайыз, өз бетінше еңбек етуден түсетін табыс – 8,1 пайыз.
Әлеуметтік төлемдер жалпы ақшалай табыстың 24,2 пайызын құраған. Соның ішінде зейнетақының үлесі – 20,2 пайыз. Жәрдемақылар, атаулы әлеуметтік көмек, тұрғын үй көмегі мен шәкіртақыларға жиынтық табыстың 4 пайызы тиесілі. Туыстар мен таныстардың материалдық көмегі және алименттің үлесі 1,7 пайыз болса, өзге ақшалай түсімдер 1,4 пайызды құраған.
410 088 теңге – сәуір–маусым айларын қамтитын үш айдағы көрсеткіш. Бұл сома халықтың жан басына шаққандағы орташа ақшалай табысын білдіреді.
Шығыстың жартысынан көбі азық-түлікке жұмсалған
Екінші тоқсанда халықтың жан басына шаққандағы ақшалай шығысы орта есеппен 358 584 теңге болған.
Жалпы ақшалай шығыстың 90,7 пайызы тауарлар мен қызметтерді сатып алуға жұмсалған. Атап айтқанда, азық-түлікке – 50,5 пайыз, азық-түлік емес тауарларға – 19,5 пайыз, ақылы қызметтерге 20,7 пайыз тиесілі.
Несие мен қарызды өтеуге шығыстың 7,3 пайызы кеткен. Туыстар мен таныстарға материалдық көмек көрсету және алимент төлеудің үлесі – 1,9 пайыз, салықтар мен басқа да төлемдердің үлесі 0,1 пайыз болған. Өңірлер арасында азық-түлікке жұмсалатын шығыстың үлесі Жетісу облысында 60,2 пайызға, Маңғыстау облысында 59,9 пайызға жеткен. Ал несие мен қарызды өтеуге кететін шығыс үлесі Ұлытау облысында 19,5 пайызды құраған. Бюро 2026 жылдан бастап шығыстарды жіктеу тәртібі жаңарғанын да түсіндірді. Енді үйден тыс жерде тамақтануға жұмсалған қаражат ақылы қызметтер санатына енгізіледі. Бұған дейін ол азық-түлік шығысының құрамында есептелген.