$ 452.59 € 507.67 ₽ 5.48
ЖаңалықтарОқиға

“Құжатың жоқ деп қарамады”: Ақкөлде қандас әйел егізінен айырылды. Басқарма “оның шағымы болмаған” дейді

Ақмола облысындағы Ақкөл ауылында шетелден көшіп келген жүкті әйел құжаттарының болмауына байланысты бастапқыда медициналық көмек ала алмағанын мәлімдеді. Кейін жағдайы асқынып, құрсағындағы егізінен айырылған ол өзінің басынан өткен оқиғаны әлеуметтік желіде айтып берді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

«Құжатым жоқ болған соң мені қарамады»

Әлеуметтік желіде тараған видеода Ақмола облысына көшіп келген келіншек медициналық көмек алу кезінде кездескен қиындықтары туралы баяндады. Оның айтуынша, өзін жайсыз сезінген соң медициналық мекемеге барған, алайда қажетті құжаттары болмағандықтан, дәрігерлердің қабылдауына кіре алмағанын жеткізді.

«Тәтем менен: «Бардың ба, дәрігер қарады ма?» деп сұрады. Мен: «Таңертең барғанда құжатым жоқ болған соң мені қарамады» дедім. Тәтем «Неге? Олар бірден жәрдем беруі керек қой» деді. Мен жаңадан келгенімізді, не істерімді білмей тұрғанымды айттым», – дейді әйел.

Осыдан кейін туысы жедел жәрдем шақырған. Жедел жәрдем қызметкерлері әйелді ауруханаға жеткізген. Оның сөзінше, ауруханада дәрігер неліктен ертерек келмегенін сұраған. Әйел таңертең медициналық көмекке жүгінгенімен, құжаты болмағандықтан қабылданбағанын түсіндірген.

«Дәрігерге таңертең не болғанын айттым. Ол: «Олай істеуге болмайды ғой» деді. Сөйтіп, мені тексерді», – деп еске алды ол.

«Астанаға шығып үлгермедік»

Әйелдің айтуынша, тексеру кезінде дәрігерлер жүктіліктің үзілу қаупі бар екенін анықтаған. Оның сөзінше, мамандар құрсағындағы егіздердің бірінің жағдайы алаңдатарлық екенін, ал екіншісін сақтап қалуға мүмкіндік болуы мүмкін екенін айтқан. Осыдан кейін оған дәрі егіліп, шұғыл түрде Астанаға бару ұсынылған, алайда әйел елордаға жетіп үлгермегенін жеткізді.

«Астанаға шығып үлгермедік. Мен түсік тастадым. Егіздерімнен айырылдым… Өзім егізім болғанын қатты армандайтынмын. Құдайға шүкір, екі ұлым бар, бірақ бала көптік етпейді ғой», – дейді ол.

Әйел бұл жағдайды әлі күнге дейін ауыр қабылдайтынын айтып, құжаттарының болмауы салдарынан дер кезінде медициналық көмек ала алмағанын алға тартты.

«Құжаттарымның болмауы себебінен егіздерімнен айырылдым. Әлі азаматтығымызды ала алмай жүрміз. Сонша армандап келген қазақ елімде құжаттарымды бітіре алмай, зар жылап жүрмін. Мен түсік тастағаным туралы видеоны медицина қызметкерлеріне қиындық тудырайын деп салмадым. Менің қолымды бөгеп тұрған – құжаттар. Құжаттарымыз дұрысталып, осындай жағдайға тап болмасақ екен. Медицина қызметкерлеріне еш өкпем жоқ. Құдай өзі берді, өзі алды. Мен ешкімге арыз жазғым келмейді», – деді әйел.

Медициналық көмек көрсетуден бас тарту дерегі тексерілді ме

Осы видеодан кейін Tizgin.kz Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасына хабарласқан. Басқармадан мынадай жауап келді:

«Науқас екі ай бұрын Ақкөл аудандық ауруханасына жүгінген. Онда оған қажетті медициналық көмек көрсетіліп, тексеру жүргізілген және гинекологиялық медициналық манипуляция жасалған. Ешқандай асқыну тіркелмеген. Науқасты дәрігерлер бірнеше рет тексерген. Ауруханадан шығарылған кезде оның жағдайы қанағаттанарлық болған, денсаулығына қатысты шағымы болмаған. Жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) мен тұруға ықтиярхаты болмағанына қарамастан, науқасқа қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетілген. Жарияланымда айтылған шағым медициналық қызмет көрсету сапасына емес, құжаттарды рәсімдеу кезінде туындаған қиындықтарға қатысты», – деп жазылған жауапта.

Артынша басқармадан осы әйелдің тағы бір видеосы келді. Әйел ол видеода дәрігерге кінә артпайтынын, ешкімге арыз жазбайтынын, құжат мәселелері дұрысталса деген ғана тілегі барын жеткізген.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button