$ 452.59 € 507.67 ₽ 5.48
Жаңалықтар

Украина әскері алғаш рет жаралы сарбазды дронмен құтқарды (Видео)

Украина әскері майдан шебінде жараланған жауынгерді ауыр жүк көтеретін ұшқышсыз аппаратпен қауіпсіз жерге жеткізді. Әскерилердің мәліметінше, мина көмілген аумақ пен Ресей дрондары салдарынан оны жерүсті көлігімен алып шығу мүмкін болмаған, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы Ukrainska Pravda басылымына сілтеме жасап.

Құтқару операциясы жайлы ақпарат пен оның бейнежазбасы 19 қазанда жарияланды. Украинаның 92-жеке шабуылдаушы бригадасы мұны жаралы әскери қызметшіні майдандағы позициясынан әуе дронымен эвакуациялаудың әлемдегі алғашқы жағдайы деп атады. Австралияның ABC басылымы да оқиғаны осы мақсатта әуе дроны қолданылғаны туралы алғаш хабарланған жағдай ретінде сипаттады.

Жаралы жауынгерді құтқару операциясы

Құтқарылған сарбаз Украинаның 30-шы жеке механикаландырылған бригадасында борышын өтеген. Ол майдандағы позициясында жараланып, эвакуацияға мұқтаж болған. Алайда оған жететін жолға мина қойылған, ал маңайдағы әуе кеңістігінде Ресейдің ұшқышсыз аппараттары белсенді әрекет еткен. Мұндай жағдайда жаралы сарбазды алып шығуға жіберілген адамдардың өзі қауіпке ұшырайтын еді. Жерүсті роботын пайдалану да қиын. Осыдан кейін әскерилер ауыр жүк көтеретін әуе дронын қолдануға шешім қабылдаған.

The Kyiv Independent басылымының өндіруші компанияға сілтеме жасап жазуынша, операцияға дейін қаруластары сарбазбен байланысын үзбей, оған дрон арқылы азық-түлік, су мен дәрі-дәрмек жеткізіп тұрған. Эвакуация кезінде жауынгерге алдымен арнайы бекіту жабдығы жіберілген. Кейін оған көтергіш тетігі бар дрон ұшып барған. Сарбаз қаруластарының қашықтан берген нұсқауымен өзін эвакуациялық жүйеге бекіткен. Ұшқышсыз аппарат оны қауіпсіздеу жерге жеткізіп, сол жерде күтіп алған әскерилер ауруханаға жөнелткен.

Ауыр дронды адам тасымалдауға бейімдеген

Құтқару операциясында украиналық Gurzuf Defence компаниясы шығарған Heavy Shot «Аюдаг-6» ауыр гексакоптері пайдаланылған. Бұл – алты винті бар ұшқышсыз аппарат. Өндіруші оны операцияға тегін берген. Әскерилер мен инженерлер дронды жаралы адамды тасымалдауға бейімдеген. Негізгі міндет аппараттың ұшу кезінде тұрақтылығын сақтап, шамадан тыс шайқалуына немесе аударылып кетуіне жол бермеу болған. Операцияға дейін жүйе сынақтан өткізілген.

Миссияға 92-ші жеке шабуылдаушы бригада, 30 және 14-жеке механикаландырылған бригадалар, 10-армия корпусы мен өндіруші компания мамандары қатысқан. Әскерилердің хабарлауынша, құтқарылған жауынгер ем қабылдап, оңалтудан өтіп жатыр. Оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.

Gurzuf Defence компаниясының тең құрылтайшысы Павло Фельдблюм мұндай эвакуацияны күнделікті қолданылатын тәсіл ретінде қарастыруға болмайтынын айтқан. Оның түсіндіруінше, жаралы адамды әуемен тасымалдаудың да тәуекелі бар, сондықтан әр операцияның жағдайы жеке бағалануы керек. Бұл жолғы әдіс жауынгерді құтқарудың басқа мүмкіндігі қалмаған кезде қолданылған.

АЯН ӨРІБАЙ

Аян Өрібай – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының бас редакторы, Tizgin ЖШС директоры. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын ШҚО Ақпараттық орталығында маман болып бастап, Өскемендегі облыстық «Менің Өлкем» жекеменшік газетінде тілші қызметін атқарған. Кейін Астанадағы «ҚазАқпарат» ХАА-да тілші, Ulysmedia.kz порталында арнайы тілші болып еңбек еткен. «Үркер» ұлттық сыйлығының иегері.
Back to top button