$ 452.59 € 507.67 ₽ 5.48
ЖаңалықтарТергеу

10, 11 жастағы қыздарды зорлаған: Павлодарға ВИЧ жұқтырған ер адамға сот үкім шығарды

Павлодарда кәмелетке толмаған екі қызға жыныстық зорлық-зомбылық көрсетіп, олардың ВИЧ инфекциясын жұқтыруына себеп болған 48 жастағы ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы  Tizgin.kz порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Үкім Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында шығарылды.

Сот ер адамды екі бап бойынша кінәлі деп таныды

Павлодар тұрғыны кішкентай екі апалы-сіңлілі қызға қатысты аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін айыпталды. Қылмыстық іс жабық сот отырысында қаралғанымен, үкім ашық жарияланды.

Сот төрағалық етуші судья Жанна Нығыбаеваның айтуынша, айыпталушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 121-бабының 4-бөлігі және 120-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылған.

Атап айтқанда, ер адам дәрменсіз жағдайдағы қыз балаларға қатысты сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасап, олардың абайсызда ВИЧ инфекциясын жұқтыруына себеп болғаны, сондай-ақ зорлау қылмысын жасағаны үшін сотталды. Судья аталған баптардың санкцияларында өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін түсіндірді. Сот қылмыстың алкогольдік масаң күйде жасалуын ауырлататын мән-жай деп таныды. Ал сотталушының кінәсін мойындауы және бұрын сотталмағаны жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде ескерілді.

Оқиға қалай болған

Сотта белгілі болғандай, қылмыс өткен жылдың көктемінде жасалған. Сол кезде апалы-сіңлілі екі қыздың бірі 10, екіншісі 11 жаста болған. Екеуінің де мүгедектігі бар. Балалардың анасы 2018 жылдан бері сотталушымен бірге тұрған.

Анасының айтуынша, ол бұған дейін де қыздарын бірге тұратын ер адаммен үйде бірнеше рет қалдырған. Бұрын балаларға қатысты күдік тудыратын жағдай байқалмаған, алайда оқиға болған күні әйел үйде болмаған. Осы сәтті пайдаланған ер адам алкогольдік масаң күйде балаларға қатысты қылмыс жасаған.

Сот процесіне қатысқан прокурор Tengrinews.kz тілшісіне берген мәліметінде айыпталушының сотта жауап беруден бас тартқанын айтты. Осыған байланысты ер адамның өзінің ВИЧ жұқтырғанын білген-білмегені сот отырысында нақтыланбаған.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ

Сот шешімімен 48 жастағы ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің төтенше қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады. Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, бұған дейін Алматыда адамның иммун тапшылығы вирусын (АИТВ) жұқтырған ер адам 13 жасар қызды зорлағаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған болатын.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button