Оңтүстік Кореяда 21 жастағы қазақстандық қамауға алынды
Оңтүстік Кореяның Кёнгидо провинциясындағы Ичхон қаласында 21 жастағы Қазақстан азаматы қамауға алынды. Ол жол үстінде басқа көліктің қозғалысына кедергі келтіріп, жүргізушісін қорқытты деген күдікке ілінген. Бұл туралы Tizgin.kz порталы Оңтүстік Кореяның News1 басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстандықтар жүргізушінің жолын бөгеген
Оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желілерде тарады. Кадрлардан бейнетіркегіш орнатылған көліктің артынан басқа жеңіл автокөліктің ілесіп келе жатқанын көруге болады. Бір кезде алдыңғы көлік тоқтаған сәтте соңынан келе жатқан автокөлік оның жолын бөгейді. Көліктен қолдарына белгісіз зат ұстаған екі жігіт шығып, жүргізушіге қарай беттейді, алайда жүргізуші дер кезінде көлігін бұрып, кері бағытта кетіп үлгерген.
Оңтүстік Кореялық БАҚ мәліметінше, оқиға 2026 жылғы 29 шілдеде сағат 23:40 шамасында Ичхон қаласындағы жолдардың бірінде болған. Тергеу деректеріне сәйкес, 21 жастағы Қазақстан азаматы өзінің 25 жастағы отандасымен бірге 30 жастағы ер адам басқарған жеңіл көліктің соңынан еріп, кейін оның жолын бөгеген деген күдікке ілінген.
Полиция күдіктіні қалай анықтады
Оқиғадан кейін полиция күдіктінің жеке басын бірден анықтай алмаған.
Тамыз айының ортасында іс ашылмаған қылмыстар қатарына енгізілген. Алайда оқиға қоғам назарын аударып, 21 тамызда тергеу қайта басталған. Құқық қорғау органдары бейнетіркегішке түсіп қалған автокөліктің мемлекеттік тіркеу нөмірінің бір бөлігін қалпына келтірген. Осы мәлімет арқылы күдіктінің жеке басын анықтау мүмкін болған.
Нәтижесінде 16 қазанда полиция 21 жастағы Қазақстан азаматын Оңтүстік Кореяның Ансон қаласында ұстады. Жергілікті БАҚ мәліметінше, күдікті қамауға алынған. Қазіргі уақытта оған қатысты істің өзге мән-жайлары нақтыланып жатыр.