Ұлттар лигасындағы сәтсіздіктен кейін ҚФФ мәлімдеме жасады

ҚФФ бас хатшысы Скотт Манн Қазақстан құрамасының Ұлттар лигасындағы нәтижелеріне қатысты мәлімдеме жасады. Ол жанкүйерлердің наразылығын түсінетінін айтып, алдағы екі ойыннан кейін ұлттық құрама мен жасөспірімдер командаларының жұмысына жан-жақты талдау жүргізілетінін жеткізді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
ҚФФ құраманың жұмысына талдау жүргізеді
Федерация бас хатшысының сөзінше, соңғы матчтардағы нәтиже күткен деңгейге сай болмаған. Сондықтан ұлттық құраманың бапкерлер штабы, ойыншылары, техникалық персоналы мен ұлттық командалар бөлімі жұмысының себептері мен салдарын мұқият саралау қажет.
«Сіздің наразылығыңыз орынды, соңғы матчтардың нәтижелері сын көтермейтінін түсінеміз. Қалыптасқан жағдайға қатаң әрі объективті баға беріп, жедел және нақты шешімдер қабылдауымыз керек», – деді Скотт Манн.
Оның айтуынша, Қазақстан құрамасын әлі екі ойын күтіп тұр. Федерация команда сол кездесулерге тыңғылықты дайындалып, жанкүйерлер күткен деңгейде өнер көрсетуі үшін бар күшін салатынын мәлімдеді.
Манн техникалық топқа негізгі құраммен қатар барлық жасөспірімдер құрамаларының, бапкерлер мен ойыншылардың және командалардың жұмысына көмектесетін мамандардың қызметіне терең талдау жүргізуді тапсырған. КФФ алдағы апталарда нәтижені қысқа және ұзақ мерзімде жақсартуға бағытталған нақты қадамдарды жарияламақ.
Бұған дейін спортшы Қуат Хамитов та ұлттық құраманың ойынына қатысты пікір білдірген еді. Оның мәлімдемесі туралы мына материалда оқи аласыз.
Қазақстан құрамасы топта соңғы орында
Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының алғашқы төрт турында екі ұпай жинады. Джон ван ’т Схип бастаған команда сырт алаңда Фарер аралдарымен 1:1 есебімен тең түсті. Кейін Словакиядан және Астанада Молдовадан 1:2 есебімен жеңілді.
Фарер аралдарына қарсы соңғы үй матчында қазақстандық футболшылар 0:2 есебімен ұтылып жатып, таразы басын теңестірді. Кездесу 2:2 есебімен аяқталды. Қазір Қазақстан құрамасы С3 тобында төртінші, яғни соңғы орында тұр.