Трамптың жаңа баспасөз хатшысы бір аптаға жетпей қызметімен қош айтысты

АҚШ президенті Дональд Трамптың жаңадан тағайындалған баспасөз хатшысы Кэти Захария бір аптаға жетпей қызметінен кетті. Оның алғашқы әрі жалғыз брифингі сынға ұшырап, кәсіби біліктілігіне қатысты сұрақтар туындаған, деп хабарлайды Tizgin.kz Bloomberg агенттігіне сілтеме жасап.
Трамп оған не деді
Bloomberg мәліметінше, Захария 16 қазанда баспасөз хатшысы қызметінен кеткен. Ақ үй өкілі де оның бұл қызметтен кетіп жатқанын растаған.
Бұған дейін Дональд Трамп журналистерге Захарияға осы жұмысты жалғастыру туралы шешімін қайта қарауға кеңес бергенін айтқан. Президент бұқаралық ақпарат құралдары оған әділетсіз қарады деп есептейтінін жеткізгенімен, бұл қызметтің Захарияға ауыр екенін де жоққа шығармаған.
Алғашқы брифинг неге сынға қалды
Захария алғашқы әрі жалғыз брифингінде алдын ала дайындалған мәтінді баяу оқып, сөзінен бірнеше рет жаңылған. Ол журналистердің үш сұрағына ғана жауап берген.
Сонымен қатар оның кәсіби біліктілігіне қатысты мәселе көтерілді. Захария адвокаттық қызметке рұқсат беретін емтиханды тапсырмағанына қарамастан, өзін адвокат ретінде таныстырды ма деген сұрақтарға тап болған.
Әзірге оның Ақ үйде немесе Трамптың айналасында басқа қызметке ауысатыны белгісіз.