Ұлдана Мырзуанның күйеуі болған Әділет жәбірленуші статусынан бас тартады
Ұлдана Мырзуанның күйеуі болған Әділет жәбірленуші статусынан бас тартатын болды. Мұны оның адвокаты мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Бүгін Астанада өткен сот отырысында тілшінің «Әділет жәбірленуші болудан бас тартты ма?» деген сұрағына оның адвокаты жауап берді.
«Әлі өтінішхат келіп түскен жоқ, бірақ Әділет жәбірленуші статусынан бас тартпақ. Заң бойынша жәбірленуші ретінде Ұлдананың ата-анасы бола алады. Дүние-мүлікке қатысты екі тарапта да ешқандай келіспеушілік жоқ. 20 миллион теңгеге қатысты пікір білдірмей қояйын», – деді ӘДілеттің адвокаты.
Оқиға желісі
Еске салсақ, 2025 жылдың 30 қыркүйекте Ұлдана Мырзуан реабилитолог-дәрігер Әділет Зейнелге тұрмысқа шыққан. Екеуі 8 жыл көңіл жарастырып жүрген еді.
8 қарашада Астанада тоғыз қабатты тұрғын үйдің сыртқы кірпіш қаптамасы опырылып, астында бірнеше тұрғын қалып қойған. Көмекке жедел жәрдем бригадасы, оның ішінде фельдшер Ұлдана Мырзуан жеткен. Құтқару жұмысы барысында ғимараттан кондиционер қондырғысы құлап, Ұлдана мен тағы бір фельдшердің басына тиді. Жалпы оқиға салдарынан 5 адам жарақат алды.
Ұлдана 10 күн бойы ауыр халде жансақтау бөлімінде жатты. Дәрігерлер оны құтқарып қалу үшін бар күшін салғанмен, 18 қараша күні 23 жастағы Ұлдана Мырзуан көз жұмды. Сол күні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оны «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады.
Астанада қызметтік міндетін атқару кезінде ажал құшқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның құрметіне қалалық жедел медициналық көмек станциясы ғимаратына мемориалдық тақта орнатылды. Оның ашылу рәсіміне Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Ұлдана Мырзуанның анасы Сәлима Ишанқұлқызы, марқұмның туыстары мен жедел медициналық көмек станциясының қызметкерлері қатысты.
«Ұлымды қайғы жеп барады»
Марқұм реабилитолог-дәрігер Ұлдана Мирзуанның бұрынғы күйеуі Әділет Зейнел мен анасы алғаш рет сұхбат берген болатын.
«Ал Әділеттің туыстары ол тезірек есін жиып, өзіне келгенін қалады. Ол қараша айынан бастап 3 ай жұмыс істемеді. Ол ауырып, қайғы жеп бара жатқанын Ұлдананың анасы да біледі. Біз оның адамдармен араласып, жақсы әйелмен танысқанын, ел қатарлы өмір сүргенін қаладық. Ол сәуір айынан бастап беті бері қарай бастаған кезде біз қуандық», – деді Әділеттің анасы.
Ал Ұлдананың анасы Руслан Өтепбайғай берген сұхбатында «Мені сыйласаң жәбірленуші статусынан бас тарт» деген болатын.
Ұлдананың анасы Әділетке жазған соңғы хабарламасы туралы айтты.
«Әділетке «Егер үйленіп жатсаң, әйеліңді өзім батамды беріп, бауырыма бассам, оны менің балаларым сіңлісі, бауырындай қабылдаса» деп ойлағам. Мұның бәрі бос қиял болып қалған екен ғой» деп жаздым. Менің өтінішім, Әділет жәбірленуші статусынан бас тартсын. Ол отбасын құрды, енді әйелімен бақытты болсын. Мені сыйласа солай етсін», – дейді Ұлдананың анасы.