Ұлдана Мырзуан өлімі: прокурор ОСИ төрағасына бас бостандығын шектеу жазасын сұрады
Әйелді өз міндетіне атүсті қарады деп айыптап отыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Прокурор бас бостандығын шектеуді сұрады
Соттағы жарыссөз кезінде мемлекеттік айыптаушы Саяжан Серікова ОСИ төрағасы Сәуле Жұбаниязоваға екі жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұрады.
Прокурор оны ҚР Қылмыстық кодексінің 254-бабы (Міндеттеріне адал қарамау) бойынша кінәлі деп тануды сұрап отыр.
Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, болары болды, енді айыптау тарапы ең қатаң жаза түрін талап етпейді.
«Жаза болған жағдай үшін кек алу емес, анықталған қылмысқа мемлекеттің заңды әрі мөлшерлес реакциясы болуы тиіс», – деді Саяжан Серікова.
Прокурор соттан Сәуле Жұбаниязованы кінәлі деп танып, оған екі жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұрады. Сонымен қатар кондоминиум нысандарын басқаруға байланысты кез келген қызметпен айналысу құқығынан үш жылға айыруды талап етті.
Өтемақы өндіріле ме
Бұдан бөлек, мемлекеттік айыптаушы сотталушыдан жәбірленушілерге өтемақы төлеу қорына 10 АЕК мөлшерінде мәжбүрлі төлем өндіріп алуды сұрады. Бұл – 43 250 теңге.
Сот үкімі әзірге шыққан жоқ. Жұбаниязованың кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен ғана түпкілікті анықталады.