«Ұйықтап жатыр деп ойладым»: Шымкенттегі жалдамалы пәтерде екі бала көз жұмды
Шымкенттің «Восток» шағынауданындағы жалдамалы пәтерде төрт жастағы ұл мен 15 жастағы қыз қайтыс болды. Тағы үш адам ауруханаға жеткізілді. Көршілері оқиғаға газбен жұмыс істейтін су жылытқышы себеп болуы мүмкін деп болжайды. Алайда мамандар бұл нұсқаны әзірге растаған жоқ, деп хабарлайды Tizgin.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
«Баланы ұйықтап жатыр деп ойладым»
Қайғылы оқиға көпқабатты үйдің бірінші қабатындағы пәтерде болған. Оны екі отбасы – екі ересек пен үш бала жалдап тұрған. Телеарна мәліметінше, пәтердегілердің бірі туыстарына қоңырау шалып, көмек сұрауға әрең шамасы жеткен. Оқиға орнына келген Дильбар Саидқожаева сіңлісін ес-түссіз күйде тапқанын айтты.
«Келіп, ішке кіргенде шошып кеттім. Қонақ бөлмеде сіңлім көзі ашық күйде, ес-түссіз жатты. Жағдайы өте нашар еді. Сол жағында баласы жатты. Оны ұйықтап жатыр деп ойладым. Ал қызы жылап, денесі құрысып жатты», – дейді ол.
Оқиға орнына жеткен медицина қызметкерлері төрт жастағы ұл мен 15 жастағы қыздың қайтыс болғанын анықтаған. Қалған үш адамды есін жиғызғаннан кейін ауруханаға жеткізген.
Шымкенттегі Гипербариялық оксигенация орталығының бас дәрігері Мадина Ермаханбетованың айтуынша, орталыққа жеткізілген екі науқасқа көміртек тотығымен ауыр дәрежеде улану диагнозы қойылған. Жағдайларының ауырлығына байланысты олар қабылдау бөлімін айналып өтіп, бірден жансақтау бөліміне жатқызылған. Қазір 27 жастағы әйел мен оның үш жасар қызы дәрігерлердің бақылауында. Анасы палатаға ауыстырылғанымен, бүлдіршін әлі жансақтау бөлімінде жатыр. Аман қалған үшінші адам үйіне жіберілген.
Газ су жылытқышын орнатудан заңбұзушылық анықталған
Пәтерде нақты не болғаны әзірге белгісіз. Көршілердің болжамынша, газбен жұмыс істейтін ескі су жылытқышынан шыққан иіс газы сыртқа тарамай, үй ішіне жиналған болуы мүмкін.
«Иіс газы газ колонкасынан тараған деп естідік. Оның ескі болғанын да естідік. Үйдің ішіндегі ауа тартатын құбыр жұмыс істемеген, сондықтан уланып қалған», – дейді көршілер.
Алайда газ қызметінің мамандары бұл болжамды әзірге растаған жоқ. Олардың мәліметінше, оқиға орнында жүргізілген тексеру кезінде газ концентрациясы анықталмаған. Дегенмен су жылытқышын орнатуға қатысты талаптардың бұзылғаны белгілі болған.
QazaqGaz Aimaq компаниясы Шымкент филиалының өндірістік-техникалық бөлім басшысы Нұрбек Рахманов бұл үйге газбен жұмыс істейтін су жылытқышын орнату қарастырылмағанын айтты.
«Бұл үй газ су жылытқыштарын орнатуға арналмаған. Сондықтан мұндай құрылғыны орнату талапқа қайшы саналады. Бірақ оқиға дәл осыдан болды деп айта алмаймын», – деді ол.
Қайғылы оқиғадан кейін пәтерге мөр басылып, бүкіл үйге газ беру тоқтатылған. Оқиғаның себебін полиция мен сарапшылар анықтайды.