Трамп Иранға қарсы «бұрын-соңды болмаған экономикалық соғыс» жариялады
Вашингтон келіссөзден қысым саясатына көшті
АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қарсы бұрын-соңды ешбір мемлекетке қолданылмаған ауқымды экономикалық операция басталғанын мәлімдеді. Бұдан былай Тегеранға қандай да бір көмек көрсеткен елдердің өзі ауыр экономикалық зардапқа тап болуы мүмкін, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Трамп бұл туралы Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды. Оның айтуынша, Иранға келісімге келу үшін тиімді мүмкіндік берілгенімен, Тегеран оны пайдаланбаған.
«Ешкім Иранға мен ұсынғаннан тиімді келісім жасау мүмкіндігін берген жоқ. Өкінішке қарай, олар оны пайдаланбады. Сондықтан бүгін мен қандай да бір мемлекетке қарсы бұрын-соңды болмаған ең жойқын экономикалық операцияның басталғанын жариялаймын. Бұл – теңдессіз ауқымдағы экономикалық соғыс және оқшаулау болады», – деді АҚШ президенті.
Иранға көмектескен елдер де жауапқа тартылмақ
Ақ үй басшысының сөзінше, енді Иранға кез келген сипатта көмек көрсеткен мемлекет АҚШ тарапынан қатаң экономикалық шараларға тап болады.
Трамп Вашингтонның барлық одақтасын Иранды халықаралық деңгейде оқшаулауға үндеді.
«Бұл экономикалық D күні болады. Иран тарапынан төнген қатерді оқшаулап, жеңу үшін барлық одақтасымыз Америка Құрама Штаттарымен иық тіресе әрекет етуі керек», – деп жазды ол.
АҚШ президенті Иранның мұнайды жасырын сату арналары, ақша аударымдары, айырбастау орындары, кеме тізілімдері мен делдал компанияларының қызметі дереу тоқтатылуға керектігін айтты.
«Мұнай контрабандасы, жасырын желілер, ақша аударымдары, айырбастау орындары, кеме тізілімдері мен жалған компаниялар – мұның бәрі дереу тоқтатылуы керек. Бұл тарихи шаралар олардың әлемге террор тарату мүмкіндігін тұралатады. Иранның ешқашан ядролық қаруы болмайды», – деді Трамп.
Вашингтон келіссөзден қысым саясатына көшті
Бұған дейін CNN АҚШ-тың ресми өкіліне сілтеме жасап, Трамптың Иранға қатысты ұстанымын өзгерткенін хабарлаған еді. Телеарна мәліметінше, Вашингтон келіссөздерді жалғастырудан бас тартып, Тегеранға қысымды кезең-кезеңімен күшейтуге ден қойған.
18 тамызда Трамп Truth Social парақшасында Ормуз бұғазының картасын жариялап, оған «АҚШ-тың жаңа аумағы» деген жазба қалдырған.
Бұған жауап ретінде Иран сыртқы істер министрінің орынбасары Казем Ғарибабади АҚШ президентінің Ормуз бұғазын Америка аумағы деп атауы қате екенін мәлімдеді. Ол Иранның бұл мәлімдемеге жуық арада тиісті жауап беретінін айтты.