Тоқаев құтқарушылардың жұмысын түбегейлі өзгертуді ұсынды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтық қорғаныс жүйесін жаңғыртып, төтенше жағдайлардың алдын алу үшін жасанды интеллект пен озық технологияларды кеңінен қолдану қажеттігін айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Мемлекет басшысының сөзінше, бүгінде құтқару қызметіне қойылатын талап өзгеріп келеді. Сондықтан төтенше жағдай орын алғаннан кейін оның салдарын жоюмен шектелмей, ықтимал қауіп-қатерді алдын ала анықтап, апаттың алдын алуға басымдық беру қажет.
«Ең басты міндет – апаттың алдын алу»
Президент кейінгі бес жылда қазақстандық құтқарушылар 75 мыңнан астам жедел шақыртуға шығып, 240 мыңға жуық адамға көмек көрсеткенін атап өтті.
«Бүгінде бұл салаға қойылатын талап түбегейлі өзгеруде. Ең басты міндет – апаттың алдын алу. Сондықтан осы салаға озық технологияны және жасанды интеллектіні енгізу аса маңызды. Құтқару қызметінің материалдық-техникалық әлеуетін нығайту да – өзекті мәселе қатарында», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент азаматтық қорғаныс саласының материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында атқарылған жұмыстарға да тоқталды. Сөзінше, кейінгі үш жылда құтқару қызметіне 3 мыңға жуық техника сатып алынған. Олардың қатарында жаңа ұшақтар, тікұшақтар және түрлі мақсатқа арналған кемелер бар.