Тойшылдықты қою керек – Омар Жәлел
Елімізде той мәдениеті – ең көп талқыланатын тақырыптардың бірі. Бұл мәселеге қатысты белгілі абайтанушы Омар Жәлел «Қоғам пікірі» бағдарламасында өз көзқарасын білдіріп, қазіргі қоғамдағы тойдың мәні өзгеріп кеткенін айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Той деген – жұртты жинау емес»
Омар Жәлелдің айтуынша, тойдың шынайы мәні көп адам жинап, сән-салтанат көрсету емес.
«Той дегеніміз міндетті түрде жұртты жинау емес. Қасыңдағы адамдарға рухани әңгіме айтып отырсаң, сол да – той. Жақсы адамның рухани аурасы айналасын мейрамға айналдырады. Той – руханияттың мейрамы болуы керек», – деді ол.
Омар Жәлелдің пікірінше, адам жүрегінен тазалық кеткен кезде өмірдің мәнін емес, тек дүниенің қызығын қуып, той іздеумен жүреді.
«Жүректен тазалық кеткен кезде адам «келдім қайдан, қайтсем пайдам, өлгеннен соң не болам» деген сұрақтарды қоя алмайды. Ол тек қана мына өмірдің дүниенің қызығын тойлап кетеді. Сондықтан жүректен тазалық кеткен кезде ол адам күнде той жасайды, той іздеп тұрады дейді. Той болмаса, іші пысады. Бір жерге барғысы келіп тұрады, тіленіп тұрады. Абай мұны итмінезге жатқызады. Итмінез деген нәпсінің қалауын айтады», – дейді ол.
«Той болған жерде ой болмайды»
Ол бұрын қазақтың тойы белгілі бір себеппен ғана өткізілгенін еске салды.
«Бұрын жұрт тойды аңсайтын. Жаз шығып, жайлауға көшкенде ғана той тойлайтын. Ал қазір жыл он екі ай, аптаның жеті күні той. “Той болған жерде ой болмайды” дейді. Адамды адам қылатын – той емес, ой. Сол ойды ойлай алмай, есімізді жия алмай жүрміз», – деді ол.
Сондай-ақ Омар Жәлел қоғам рухани тұрғыдан кемелденген кезде адамдардың өмірдің мәні, өз пайдасы мен жауапкершілігі туралы көбірек ойланатынын айтты. Оның сөзінше, адам өзін тануға ұмтылған сайын сыртқы даңғазаға емес, ішкі рухани тыныштыққа жақындай түседі.