
Баскетболшылар «Астана» баскетбол клубының негізгі құрамын тарату туралы шешімге алаңдап, президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен спорт министрі Ербол Мырзабосыновтан команданы сақтап қалуға көмектесуді сұрады. Спортшылардың айтуынша, клубтың жабылуы ұлттық құраманың халықаралық жарыстарға дайындығына кері әсер етуі мүмкін, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Біз болашақ үшін күресіп жатырмыз»
Клуб ойыншыларына негізгі құрамның бұдан былай жұмысын жалғастырмайтыны хабарланған. Осыған байланысты спортшылар үндеу жолдады.
Баскетболшылар «Астананың» ұлттық құрама үшін маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Қазіргі таңда Қазақстан құрамасының 12 ойыншысының сегізі елордалық клубтың намысын қорғайды.
“Алда Азия кубогының іріктеу кезеңі мен Азия ойындары тұр. Клубсыз біз толыққанды дайындалып, Қазақстанның халықаралық аренадағы намысын лайықты қорғай алмаймыз. Бізді қолдап, ПБК «Астананы» сақтап қалуға көмектесулеріңізді сұраймыз. Бүгін біз тек команда үшін күресіп жатқан жоқпыз. Біз Қазақстан баскетболының болашағы үшін күресіп жатырмыз, — деді клуб ойыншысы Руслан Айтқали.
Спортшылардың пікірінше, негізгі құрамның таратылуы 12 кәсіби баскетболшыны клубсыз қалдырып қана қоймай, Қазақстан чемпионатына және ұлттық құраманың дайындығына да әсер етуі мүмкін.
Айта кетейік, өткен маусымда Қазақстан чемпионатында «Астана» финалға дейін жетіп, Ақтаудың «Каспий» командасынан жеңіліп, күміс жүлдеге ие болған.
Спорт комитетінің ұстанымы қандай
Туризм және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру істері комитеті «Астана» клубының негізгі құрамын сақтауға қатысты ұстанымын түсіндірді. Комитеттің мәліметінше, команданың соңғы жылдардағы нәтижелері күтілген деңгейге сәйкес келмеген. Атап айтқанда, өткен маусымда «Астана» ВТБ Бірыңғай лигасының турнирлік кестесінде 12-орынға тұрақтаған.
Команда 44 кездесудің тек екеуінде жеңіске жеткен. Яғни ойындардың 95 пайыздан астамы жеңіліспен аяқталған. Бұл клубтың аталған турнирдегі бүкіл тарихындағы ең төменгі көрсеткіші болды. Сонымен қатар «Астана» соңғы сегіз жылда ВТБ Бірыңғай лигасының плей-офф кезеңіне шыға алмаған. Қазақстан ішіндегі жарыстарда да команда өткен маусымда ел Кубогын жеңіп ала алмады және Ұлттық лиганың чемпионы атанбады.
Министрлік өкілдері спортты мемлекеттік қаржыландыруға қатысты талаптардың да өзгергенін атап өтті. Өткен жылы қабылданған заңға сәйкес, бюджет қаражаты есебінен легионерлерге жалақы төлеуге тыйым салынған. Осыған байланысты мемлекет спорт саласындағы қаржыландырудың басым бағыттарын ұлттық құрамаларға, спорттық резервті даярлауға және жас спортшыларды қолдауға бағыттауды көздеп отыр.
“Қалыптасқан жағдайда отандық баскетболды дамыту тәсілдерін қайта қарау мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Басымдық жастар командасын дамытуға, спорттық резерв даярлауға және балалар мен жасөспірімдер спортын қолдауға беріледі”, — деп хабарлады комитет.
Осылайша, «Астана» клубының негізгі құрамының тағдырына қатысты мәселе баскетболшыларды алаңдатып отыр. Бір тарап команданың ұлттық құрама үшін маңызын алға тартса, екінші тарап соңғы жылдардағы спорттық нәтижелер мен мемлекеттік қаржыландыру талаптарының өзгеруін негізгі себеп ретінде көрсетеді.