Цифрландыру – тренд емес, стратегиялық бағыт
Қазақстан экономика мен мемлекеттік басқаруды цифрландыру бағытын жалғастырып жатыр
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен 2026 жыл – «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» болып жарияланды. Сөзсіз, цифрландыру Қазақстанның экономикасын, мемлекеттік басқару жүйесін және азаматтардың күнделікті өмірін түбегейлі өзгертіп жатыр. Цифрлық Қазақстан бағдарламасы ресми түрде 2018 жылы іске қосылса, қазір бұл тек “жеке бір жылдық жоба” емес, елдің ұзақ мерзімді цифрландыру үдерісіне айналды. Ол жаңа стратегиялар мен бастамалар арқылы, соның ішінде жасанды интеллекттің дамуы және цифрлық мемлекеттік қызметтерді жетілдіру арқылы жалғасып келеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Цифрлық трансформация экономикалық дамудың басты факторларының біріне айналды. Қазақстан түрлі салаларда технологияларды белсенді енгізіп жатыр, соның ішінде қаржы секторы (қолма-қолсыз төлемдер, финтех сервистер), ауыл шаруашылығы (нақты егіншілік, процестерді автоматтандыру), өнеркәсіп, логистика және көлік, цифрлық басқару платформалары бар.
Цифрлық шешімдер шығынды азайтып, ашықтықты арттырады және процестерді жеделдетеді. Бұл жаһандық бәсекелестік жағдайында ерекше маңызды.
Сондай-ақ, Қазақстандағы маңызды жетістіктердің бірі – электронды үкімет жүйесінің дамуы. eGov.kz арқылы құжат рәсімдеу, бизнес тіркеу, анықтамалар алу, әлеуметтік төлемдер сияқты көптеген мемлекеттік қызметтер онлайн форматқа көшті.
Қазіргі уақытта eGov.kz платформасына 15 миллионнан астам азамат тіркелген. Жалпы елімізде 303 мемлекеттік қызмет көрсету (90%) онлайн форматқа ауысқан.
“Порталда сұранысқа ие қызмет түрі – зейнетақы аударымы туралы анықтама, емханаға тіркелу және жылжымайтын мүлік туралы анықтама. Электронды үкіметті қолдану ыңғайлы болу үшін біз жаңа жүйені енгіздік”, – дейді “Ұлттық ақпараттық технологиялар” АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Шыңғыс Оразалимов.
Бұл азаматтардың уақытын үнемдеп қана қоймай, бюрократия деңгейін төмендетуге және ашықтықты арттыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар, елімізде жасанды интеллект элементтері біртіндеп мемлекеттік және бизнес процестерге енгізілуде. Жасанды интеллект тиімділікті арттыратын құрал.
“Жасанди интеллектің дамып ккле жатуына орай болашақ мамандықтар, еңбек нарығы және қоғамның бейімделуі туралы сұрақтар туындауда. Жасанды интеллект тиімділікті арттырады, бірақ кейбір мамандық түрін алмастыра алмайды. Мысалы, жасанды интеллект психологтың орнын алмастыра алмайды, себебі адамның жаны бір қалыпқа сыймайды, оны емдейтін әмбебап құрал жоқ. Бір жағынан, ақпарат пен қызметтерге қолжетімділік артты. Екінші жағынан, психологиялық жүктеме көбейіп, гаджетке тәуелділік күшеюі мүмкін. Цифрландыру тек технология туралы емес, оны қолдану мәдениеті туралы да. Ең маңыздысы сыни ойлау, терең талдау қабілеті, тірі қарым-қатынас, психологиялық саулық мәселелерін сақтап қалу.”, – дейді психолог Назерке Көкебаева.
Мемлекет пен қоғам үшін басты міндет – инновацияны енгізу ғана емес, сонымен бірге цифрлық өмірдің “экологиясын” қалыптастыру.
Қазақстан экономика мен мемлекеттік басқаруды цифрландыру бағытын сенімді түрде жалғастырып келеді. Бұл – ашықтықты, тиімділікті және дамуды арттыратын маңызды қадам.