Шымкентте зейнеткер көршілеріне пышақпен шабуыл жасады
Қайғылы жағдай Шымкенттегі «Жаңаталап» шағынауданында болды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
ТЕРЕЗЕСІНЕ ТАС ЛАҚТЫРҒАН
Жергілікті тұрғындар сөзінше, кешкісін балалар зейнеткер үйінің шатырына тас лақтырған. Ашуланған ер адам көшеге пышақпен жүгіріп шыққан.
Алғаш болып оның алдынан көршілерінің бірі шыққан. Кейін екінші ер адам көмекке жүгіріп келген кезде, күдікті оған да шабуыл жасаған. Оқиғаның барлығын балалар көрген.
ТҰРҒЫНДАР НЕ ДЕЙДІ
Тұрғындардың айтуынша, сол адамның әрекеті біртүрлі болған. Психикалық ауруы бар секілді көрінген. Бірақ бұл туралы ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Жарақат алған екі адам түнде ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оларға шұғыл операция жасаған. Екеуінің де жасы шамамен 60-та екені айтылды.
Оқиға орнында қан іздері әлі де қалған. Күдікті сол жерде ұсталған. Полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр. Тергеу қорытындысында нақты процессуалдық шешім қабылданатын болады.