Жаңалықтар

Шетелдік дипломдарды тану ережелері өзгерді: жаңа талаптар қандай

Жауапты қызметкер құжаттарды тану рәсімін 8 жұмыс күні ішінде жүргізеді.

Ғылым және жоғары білім министрінің міндетін атқарушы 2026 жылғы 12 тамыздағы бұйрығымен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім туралы құжаттарды тану қағидаларына өзгерістер енгізді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Жаңа тәртіп бойынша мемлекеттік қызмет алу үшін Ұлттық жоғары білім беруді дамыту орталығына қажетті құжаттарды қоса тіркеп, өтініш беру қажет.

Қандай құжаттар қажет?

Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы жүгінген кезде:

  • құжат иесінің жеке басын куәландыратын құжат немесе цифрлық құжаттар сервисі арқылы электрондық нұсқасы;
  • білім туралы құжаттарды тану туралы өтініш;
  • білім туралы заңдастырылған немесе апостиль қойылған құжаттың және оған қосымшаның нотариалды куәландырылған аудармасымен бірге көшірмесі. Егер құжат толықтай шетел тілінде болса, мөрінің аудармасы да қоса беріледі.

Егер білім туралы құжат заңдастыруды және (немесе) апостиль қоюды жоюды көздейтін құқықтық көмек туралы халықаралық шартқа қатысушы мемлекеттен берілсе, құжаттың және оған қосымшаның нотариалды куәландырылған аудармасымен бірге көшірмесін ұсыну жеткілікті.

Құжаттарды қазақ немесе орыс тіліне аударуды Қазақстан аумағындағы нотариус немесе құжат берілген елдегі ҚР дипломатиялық қызмет органдары куәландырады.

Шетел азаматтары мен резидент еместер үшін

Қазақстан Республикасының резиденті болып табылмайтындар білім туралы құжат иесінің жеке басын куәландыратын құжаттың нотариалды куәландырылған аудармасы бар көшірмесін ұсынады.

Сонымен қатар, мемлекеттік қызмет үшін төлем жасалғанын растайтын мәліметтер қажет. Қайта өтініш берген жағдайда, егер алдыңғы сұрауға жауап берілмеген болса, төлем туралы мәлімет талап етілмейді.

Егер білім алушы Қорғаныс министрлігі, ҰҚК немесе ІІМ бағыты бойынша оқуға жіберілген болса, тиісті бұйрықтың көшірмесін немесе жоғары оқу орнына жіберу туралы бұйрықтан үзінді көшірмені ұсынуы қажет.

Медициналық, фармацевтикалық және педагогикалық дипломдарға қойылатын талап

Медициналық, фармацевтикалық немесе педагогикалық мамандық бойынша күндізгі оқу нысанында білім алған тұлға оқу кезеңінде білім беру бағдарламасы жүзеге асырылған жерде оқу процесіне қатысқанын растауы тиіс.

Бұл талап халықаралық академиялық рейтингтердің алғашқы 1000 позициясына кіретін жоғары оқу орындары берген білім туралы құжаттарға қолданылмайды.

Портал арқылы өтініш берген кезде

Мемлекеттік қызметті портал арқылы алу үшін:

  • білім туралы құжаттарды тану туралы өтініш;
  • заңдастырылған немесе апостиль қойылған білім туралы құжаттың және оған қосымшаның электрондық көшірмесі;
  • қажет болған жағдайда нотариалды куәландырылған аудармасы;
  • Қазақстанның резиденті емес тұлғалар үшін жеке басын куәландыратын құжаттың нотариалды куәландырылған аудармасы бар электрондық көшірмесі;
  • төлем туралы мәлімет;
  • қажет болған жағдайда Қорғаныс министрлігі, ҰҚК немесе ІІМ бағыты бойынша оқуға жіберу туралы бұйрықтың немесе одан үзінді көшірменің электрондық көшірмесі ұсынылады.

Портал арқылы өтініш берген кезде өтініш берушінің жеке кабинетіне мемлекеттік қызмет көрсету туралы өтініштің қабылданғаны немесе қабылданбағаны жөніндегі ақпарат, сондай-ақ нәтижені алу күні мен уақыты туралы хабарлама жіберіледі.

Дипломды тану қанша уақыт алады?

Жауапты қызметкер құжаттарды тану рәсімін 8 жұмыс күні ішінде жүргізеді.

Егер білім туралы құжат жөніндегі мәліметтер шетелдік дерекқордан табылмаса, құжатты берген елдің уәкілетті органына ресми сұрау жіберіледі.

Мақсат – білім беру ұйымының құжат берілген кезде білім беру қызметін жүзеге асыруға құқығы болғанын растау.

Діни білім туралы құжаттар

Діни білім туралы құжаттар түскен жағдайда қызмет көрсетушінің жауапты қызметкері тиісті сала мамандарын рәсімге тартады.

Медициналық және фармацевтикалық дипломдарды танудың жаңа тәртібі

Жаңа қағидаларға сәйкес шетелдік білім беру ұйымдарында, ғылыми орталықтарда немесе зертханаларда медициналық және фармацевтикалық бағыттар бойынша, оның ішінде интернатурадан өткені туралы алынған білім құжаттарын тану кезінде:

  1. құжат заңдастырылмаған немесе оған апостиль қойылмаған болса, оның түпнұсқалығы анықталады;
  2. құжат берген білім беру ұйымының, ғылыми орталықтың немесе зертхананың тиісті білім беру қызметін жүзеге асыруға құжат берілген кезде құқығы болған-болмағаны тексеріледі;
  3. білім деңгейі денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган ұсынған бейінді сарапшыларды тарта отырып бағаланады.

Педагогикалық және басқа да бағыттар бойынша сараптамалық бағалау

Егер тиісті халықаралық шарттар болмаса, сондай-ақ медициналық, фармацевтикалық және педагогикалық бағыттар бойынша құжаттар ұсынылса, оларды тану Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарына сәйкестігі бойынша сараптамалық бағалау жүргізу арқылы жүзеге асырылады.

Қажет болған жағдайда тиісті салалардың мамандары тартылады.

Шетелдік ұйым жауап бермесе не болады?

Егер білім беру ұйымы, ғылыми орталық немесе зертхана қызмет көрсетушінің ресми сұрауына 20 жұмыс күні ішінде электрондық пошта арқылы немесе ресми түрде жауап бермесе, жауапты қызметкер 2 жұмыс күні ішінде мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту туралы уәжді жауап дайындайды.

Ал қажетті жауап алынған жағдайда, жауапты қызметкер тану немесе сараптамалық бағалау нәтижесі негізінде 2 жұмыс күні ішінде білім туралы құжатты тану туралы бұйрық шығарады немесе мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту туралы уәжді жауап береді.

Ғылыми дәрежелерді тану

Шетелде алынған ғылыми дәреже беру туралы құжаттарды Қазақстан Республикасының азаматтары, шетел азаматтары және азаматтығы жоқ адамдар үшін тану екі кезеңде жүргізіледі.

Жаңа қағида қашан күшіне енеді?

Білім туралы құжаттарды тану тәртібіне енгізілген өзгерістерді бекіткен бұйрық 2026 жылғы 30 тамыздан бастап күшіне енеді.

Back to top button