TOP-2ЖаңалықтарЭкономика

Мақтанды ұнатпаймын, біздің экономика мұнайсыз-ақ өсіп жатыр – Жұманғарин

Оның айтуынша, қазіргі таңда шағын және орта бизнестің белсенділігі жеткілікті деңгейде жақсы.

Бүгін Мәжіліс кулуарында журналист Серік Жұманғаринге: «Қаңтар мен наурыз аралығында 207 мың шағын және орта бизнес субъектісі жабылды. Егер іскерлік белсенділік артпаса, жыл ішінде жұмыссыздық деңгейі өседі. Мұндай жағдайда қандай шаралар қабылдайсыздар?» деген сұрақ қойды. Вице-премьер әрі ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин үкіметтің кез келген жағдайға арналған жоспары бар екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

«Сіз айтып отырған сценарийлердің жүзеге асуына әзірге негіз жоқ. Төрт айдың қорытындысын көрдіңіздер — біз экономиканың 3,6%-ға өскенін жарияладық. Оның үстіне, осы төрт айда біз шамамен 5 миллион тонна мұнай өндіре алмадық. Соған қарамастан, Қазақстан экономикасы тек шикізатқа тәуелді болмай-ақ өсетінін көрсетіп отыр. Мен мақтанғанды ұнатпаймын. Бірақ қазір экономиканың драйвері болып отырған салаларға қараңыздар: өңдеу өнеркәсібі шамамен 10%-ға өсіп отыр, құрылыс пен сауда салалары да өсуде», – деді Серік Жұманғарин.

Оның айтуынша, қазіргі таңда шағын және орта бизнестің белсенділігі жақсы деңгейде сақталып отыр.

«Бұл мәселеге байланысты алаңдауға ешқандай себеп көріп тұрған жоқпын. 207 мың кәсіпкерлік субъектісінің қалай қалыптасқанын сіздерге түсіндіріп бердім. Оның 99,5 мыңы іс жүзінде ешқандай қызметпен айналыспаған. Тағы 13 мыңы — қосымша компаниялары болған кәсіпкерлер. Ал 39 мыңы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатына өткен. Яғни, 207 мың компанияның 150 мыңы ештеңе жоғалтқан жоқ», — деді ол.

Back to top button