Республика күніне орай Қазақстанда тауарларға 50%-ға дейін жеңілдік жарияланды

Республика күні қарсаңында Қазақстанда Republic Day және Bereke Fest республикалық акциялары басталды. 17–27 қазан аралығында өтетін науқан аясында азық-түлік пен азық-түлікке жатпайтын тауарлардың жекелеген түрлеріне 10%-дан 50%-ға дейін жеңілдік ұсынылады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Жеңілдіктер қай сауда орындарында өтеді
Мерекелік науқан Астана, Алматы, Шымкент қалаларын және өзге де өңірлерді қамтиды. Republic Day акциясына елордадағы «MEGA Silk Way» мен «Хан Шатыр», Алматыдағы «MEGA Alma-Ata», «MEGA Park» және «Forum Almaty», Шымкенттегі «Mega Planet» пен «Shymkent Plaza» сауда орталықтары қатысады.
Ал Bereke Fest аясындағы арнайы ұсыныстар «Magnum», «SMALL», «Астықжан» және «GraMad» сауда желілерінің дүкендерінде қолжетімді болады. Акцияға қатысатын сауда орындарының өңірлер бойынша тізімін әкімдіктердің ресми интернет-ресурстарынан білуге болады.
Негізгі ұсыныстар 21-27 қазан аралығына жоспарланған
Мерекелік сатылымдардың ең белсенді кезеңі 21–27 қазан аралығында өтеді деп күтілуде. Арнайы бағалар мен жеңілдіктердің басым бөлігі осы күндері ұсынылады.
Республикалық науқанға Сауда және интеграция министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар бастамашы болған. Акциялар тұрғындарға қажетті тауарларды қолжетімді бағамен ұсынуға, тұтынушылық сұранысты қолдауға және ішкі сауданы жандандыруға бағытталған.
Сонымен қатар отандық өндірушілерді қолдауға, олардың өнімдерін өткізу мүмкіндіктерін кеңейтуге мән берілген.
Republic Day және Bereke Fest акциялары 27 қазанға дейін жалғасады.