Азаматтардың әл-ауқатын анықтайтын калькулятор бір күннен кейін істен шықты
eGov-тағы әл-ауқат калькуляторы қызмет көрсетпей қалды
Қазақстан азаматтарына отбасының әлеуметтік әл-ауқаты тұрғысынан қай санатқа жататынын анықтауға арналған онлайн-калькулятор бір күннен кейін өшіп қалды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
18 қазанда eGov.kz порталында отбасының әл-ауқатын бағалауға арналған ресми онлайн-калькулятор пайда болды. Оның көмегімен азаматтар отбасының әлеуметтік әл-ауқаты қай санатқа жататынын алдын ала біле алатын. Алайда 19 қазанда сервис барлық азаматқа бірдей қолжетімді болмай қалды. Отбасының әл-ауқатын тексермек болған пайдаланушыларға шектеу туралы хабарлама көрсетілген.
Бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі калькулятор азаматтарға бағалау өлшемдерімен танысуға және отбасының әл-ауқат деңгейін анықтауға мүмкіндік беретінін түсіндірген. Министрлік калькулятор нәтижесі тек анықтамалық сипатта екенін атап өткен. Яғни көрсетілген санат азаматқа әлеуметтік төлем тағайындалады немесе оның алып жүрген жәрдемақысы тоқтатылады дегенді білдірмейді.
Жәрдемақы тағайындау тәртібі өзгереді
Қазақстанда әлеуметтік көмекті отбасының әл-ауқатына қарай тағайындаудың жаңа тәсілі енгізілмек. Бағалау нәтижесіне сәйкес азаматтар A, B, C, D немесе E санаттарының біріне жатқызылады. Ұсынылған мәліметке сәйкес, әл-ауқат деңгейі әлеуметтік көмектің тағайындалуына және төлем мөлшеріне әсер етеді. Еңбек министрлігі бұл өзгерісті мемлекеттік қолдауды мұқтаж отбасыларға нақты бағыттау қажеттігімен түсіндірген.
Жаңа тәсіл 2027 жылы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілмек. Ал калькуляторда көрсетілген нәтиже өздігінен жәрдемақы тағайындау немесе оны тоқтату туралы шешім болып саналмайды.